ҚР-сының Бас прокуратурасы елдегі нашақорлар саны күрт өсіп кетті деп дабыл қағып отыр. Бұл әсіресе, жастар соның ішінде жасөспірімдер арасында көп кездесіп отырған көрінеді. Олардың берген мәліметтеріне сүйенсек, соңғы 15 жыл ішінде нашақорлықпен айналысатын жасөспірімдер саны 18 есеге өскен. Сондай ақ, прокуратура таратқан мәлімет бойынша, 2007 жылдың 1-ші қазанында жүргізілген тексеріс бойынша, республика көлемінде 53 мыңнан астам нашақор тіркелген. Алайда бұл да нақты мәлімет емес дейді Бас прокуратурасының баспасөз хатшысы Сәулебек Шәмкенұлы:
-Бұрындары біздің ел Ауғанстан, Орта Азиядан Еуропа жағына, одан ары қарай өтетін дәліз ретінде танылатын. Қазір өкінішке орай, дәліз өз алдына, тұтынушы елге айналып бара жатырмыз. Тексеріс нәтижесінде нашақорлар санының да нақты емес екені анықталды. Мысалы, ішкі істер саласында бір бөлек, медицина саласында бір бөлек, нашақорлықпен айналысатын мекемелерде бір бөлек.
“Жамандық бір-бірінен балалайды” демекші, жастар арасында нашақорлар санының жылдам көбеюіне қатысты атын атамауды өтінген студент былай дейді:
-Нашақорлықтың басы шөп шегуден басталады. Біздің жастар ойлайды шөп деген наркотик емес, шөп деген жерден өсіп жатқан зат, бұны шеге беруге болады деп. Шын мәнінде бар пәле содан
Студент аз болмағанда нашақорға айналуға шақ қалғанын айтады. Қазіргі таңда нашақорлықтың ордасы түнгі клубтар да емес, түрлі ойын-сауық орталықтары да емес, себебі, оларда тексеріс болып тұрады, жоғары оқу орындарының өздері болып отыр дейді студент.
Өнер Академиясы менің екінші жоғарғы оқу орным. Мұнда да “предлагать етеді”. Қазір кез келген оқу орнына барыңыз, бәрінде де табуға болады. Оны қолға түсіру өте оңай.
Ал Қазақстанның Бас прокуратурасы болса, жүргізілген тексеріс нәтижесін өз ұсыныстарымен министрлікке жолдап, жақында жауабын да алды. Оған сәйкес, “2006-2014 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесімен күресу стратегиясы” құпталып, енді арнайы билік орындары нашақорлықпен білек сыбана кіріскенге ұқсайды.