Алматы қалалық ішкі істер департаменті мамандарының айтуынша, қоғамда ұялы телефон алаяқтары көбейіп кеткен. Төменде оларға мысалдар келтірілген:
1. Абонентке алаяқ звондап, баласының (туыстарының, әкесінің, шешесінің т.б) жол апатына ұшырап, ауыр халде жатқанын айтады. Ол өзін оның танысы немесе досы ретінде таныстырып, жедел түрде ауруханаға немесе милицияға хабарласу керектігін айтып, алайда бірлігі таусылып қалғаны жөнінде айтады. 10,20,50 тіпті 100 доллларға төлем карталарын алып, ондағы құпия кодтарды телефон арқылы айтуын өтінеді. Баланс толтырып алғаннан абонент алданғанын біледі.
2. абоненттің ұялы телефонына алаяқ хабарласып, өзін белгілі радио жүргізушісі ретінде таныстырып, абоненттің қымбат сыйлық ұтып алғаны жөнінде хабарлайды. Сыйлықты алу үшін айтқан нөмір бойынша дереу “радиоға” хабарласуы керек. Радиоға хабарласқаннан кейін оның қосымша телефон ұтқаны жөнінде хабарлайды, оны қазір-ақ қосып береді, ол үшін төлем картасын алып, ондағы құпия кодты радио диджейіне айту керек болады. Сыйлықты алуға келген абонент радиода ешқандай конкурс болмағанын алданғанын біледі.
3. тағы бір жағдай: Алаяқ абонентке хабарласып, өзін абонент қолданатын ұялы телефон қызметінің операторы ретінде таныстырады. Тарифтік жоспарды өзгерту кезінде (т.б) операторларға ол жайлы хабарламағаны турасында айтып, белгілі бір мөлшерде штраф төлеу керектігін айтады. Ол үшін белгілі бір нөмірге төлем картасындағы құпия кодты жіберу керектігін айтады.
Осы секілді алаяқтық әрекеттер түрлерін жалғастыра беруге болады. Бір қызығы, алаяқтар көрші Ресейде президентпен тікелей эфир кезін де пайдаланған көрінеді. Тікелей эфир уақытысында алаяқтар тұрғындарға хабарласып, “компьютер сіздің нөміріңізді таңдады,сізді президентпен қосады, алайда, байланыс сапасын жақсарту үшін сізге хабарласқан нөмірге (яғни алаяқтың нөміріне) 1000 рубль құю керектігін” ескертеді. Бұған сеніп алданып қалғандар болыпты.