362 студент қол қойған ашық хаттың мазмұны төмендегідей:
Алты аманат
Қазақстан Республикасының елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына
Қытай Халық Республикасының Үрімжі қаласындағы қазақ жастары атынан
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Сіз көгінде көк туы желбіреген тәуелсіз Қазақ елінің елбасысыз. Ендеше дүниенің 40-тан астам елінде түрлі тарихи себептермен шашылып жүрген қандастарыңыз да сізді қазақтың бірден-бір басшысы, қамқоршысы және тірегі деп санайды.
Өзіңіз білесіз, қазақ тарихының аянышты да ашты өткен беттерін парақтайтын болсақ, тарихтың қазақ үшін қатал екені белгілі. Ерлігімізбен елдігіміз бар халық болсақ та өткен бір жарым ғасырда ата-бабаларымыз ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен қорғаған ұлан-байтақ ата-мекеніміз отаршыл елдер жағынан шапқыншылыққа ұшырады, елдігімізден айырылып өзгеге бодан болдық. Әрі осы ата жұртымызды алпауыт көршілер бөлісіп алды, зорлық-зомбылығын көрсетті. Сонымен айрандай ұйып отырған халық қорлыққа төзе алмай торғайдай тозып кетті.
Десе де, алдыңғы ғасырдың соңында ұлтымыздың тарихында маңызды оқиға болды, Қазақстан тәуелсіздігін жариялады. Ал Оспан батырды қамтыған талайлаған алаш арыстарының мақсаты мен арман тілегі болған осы бір егемен күндердің текке келмегені белгілі. Әрі ол желтоқсанның ызғарынан ықпаған қайсар қазақ жастарының күш-қайраты мен халық табандылығының арқасында қазақ халқына жетіп отыр.
Сонымен осы Қытай Халық Республикасы территориясында жасап жатқан қандастарыңыздың кейінгі күндері көптеген қоғамдық мәселелерге дөп келіп отырғанын білесіз. Әрі Қазақ елінің елбасы болу салауатыңыз бен Қазақстан қоғамындағы жалпы мәселелерді шешумен бірге шетелдегі қандастарыңыздың ұлттық мәселелеріне көңіл бөлу тек сіздің ғана құзіретіңізде.
Оның үстіне социалистік Қытай елінің аз ұлттарға қаратқан қатаң саясаты себебінен бұл жақтағы ешқандай адам немесе ұйым ұлттық мәселелерді шешуге қауқарсыз. Қазақ жастарының мұң-мұқтажын айтып, тікелей өзіңізге хат жазуымыздың себебі де осында.
Ал Қазақстан Республикасы үкіметі шетел қазақтарына қарата көптеген абзал саясаттарды жолға қойып отырған болса да, бұл жақтағы, яғни Қытай еліндегі қазақ жастарының талап-тілектері әлі де толық ойластырылмауда. Әрі Қазақ елінің болашағына күйінетін, еліме, жеріме еңбек етсем деген қазақ жастарының арман тілегі орындалмай отыр.
Сонымен Қытайдағы қазақ жастарының арман-тілектерін орындауға, Қытайдағы қазақтардың қоғамдық мәселелерін шешім етуге қол ұшын берер деген мақсатпен айдаһардың ысқырғанына қарамаған тәуекелдікпен осы хатты жазып отырмыз.
- 1. Қытайдағы қазақ жастарының Қазақстанға барып еңбек етуіне көбірек көңіл бөлінсе деген тілектеміз.
Өзіңізге мәлім, Қытайдағы қазақтардың көбі қазірге дейін тілін, ата дәстүрін толық сақтаған. Әрі қазірге дейін білім сапасы жағынан Қытай еліндегі өзге аз ұлттардың алдыңғы қатарында. Әрқандай бір қазақ өз баласының жоғарылап оқығанын, білімді болғанын мақтаныш етеді.
Бірақ, кейінгі жылдары бұл жағдайдың кері кетіп бара жатқаны бізді алаңдатып отыр. Атап айтқанда, үкіметтің аз ұлттарға болған қысымы мен қытай тіліне қоятын қатаң шектемесі себептерінен көптеген жастар жұмыссыз қалуда. Мысалы таяуда жарияланған Шыңжаңда мемлекеттік қызметке қабылдау жөніндегі информацияларға жүгінсек, биылдан бастап тұрақты штаты бар мемлекеттік жұмыс орындарын ішкі Қытай университеттерін бітірген жастарға ғана бағыттау белгіленіп үлгергенін көруге болады. Түйіндеп айтсақ жоғары мектептерден оқу бітірген қазақ жастарының аз сандысы тұрақты, болашағы бар жұмыстар жасап жүргенімен көп сандысы қожайындарға жалданады немесе жұмыссыз қалады. Қысқасы, әр жылы жоғары оқу бітірген қазақ жастарының кемінде 80% жұмыссыздық тауқіметін тартуда.
Сонымен қазір қаладағы көп санды қазақтар балаларын бүкілдей қытайша оқуға беріп жатыр. Сөйтіп қазақ балаларының көп сандысы тілден айрылып, дәстүрден алшақтауда. Былайша айтқанда аты қазақ, заты қытай жас буын өсіп келе жатыр. Ал ауылдағы қандастарыңыздың көбі балаларының орта мектеп біткен соң оқуды қойып тек күйкі тірлікпен шұғылданып жан бағуын дұрыс санайды. Жастардың көп сандысы да орта мектеп бітірген соң «оқысам да қызмет жоқ, өйткенше жанымды бағайын» деген кері идеяның жетегінде, ішіп-жеп қана жататын төмен тұрмыс кешуге мәжбүр болып отыр. Ал билік басындағы ағаларымыз бұл жағдайларды көріп тұрса да амалсыз екені айтпаса да түсінікті. Егер осы жағдайлар жалғаса берсе қытай еліндегі қазақтар көп өтпей-ақ қытайдың малайына айналып қалуы мүмкін. Сондықтан Шығыстағы бір жарым миллион қандасыңыздың болашағы күңгірт екенін ескеріңіз.
Ал осы жақтағы көптеген оқыған жастардың көргенімді, білгенімді қазақ елінің дамуына арнасам деп жүргенін білесіздер әрі Қазақстанның кейбір салаларында маман тапшы болуына орай бұл жақтағы көптеген оқыған қазақ жастарының Қазақстанға барып еліме, жеріме еңбек етсем деген тілегі күшті. Десе де, көптеген мәселелер осы жақтағы жастардың Қазақстанға көптеп баруына кедергі болуда, оның үстіне нұрлы көштің баяулағанын да сезіп, біліп отырған боларсыз.
Ал бізді алаңдатып отырған басты мәселе, біз ол жаққа барғанда кімді іздейміз? Сол жақтан жұмыс табуымызға, тарихи Отанда тамыр таратуымызға кім жақыннан жәрдем береді? Сондықтан Қазақстанда арнаулы түрде жастардың, шетелден барған қазақ жастарының жұмысқа орналасуына жауапты болатын үкіметтік органдар құрылып, осы жақтан барған оқыған жастардың өз мамандықтары бойынша жұмыс жасауына жағдай жаратылса екен дейміз. Сонымен бірге өз алдына кәсіптенген жастардың үш немесе бес жылға дейінгі салығы азайтылса тіптен тамаша болар еді. Мысалы, біздің Қытайда әрқайсысы аудандарға дейін үкімет басқаруындағы жұмысқа орналастыру органдары бар. Олар арнаулы түрде жұмыссыздарға жауапты. Осы орындардың ұйымдастыруымен жұмысқа қабылдау жиналыстары ашылып тұратындықтан көп санды қытай жастары жұмыссыз қаламыз деп ойламайды. Ішкі Қытайдан келген жұмыссыздар да кімді іздеймін деп бас ауыртпайды, әрі өз алдына кәсіптенемін деген жастарды үкімет қолдап, қуаттайды. Үкіметке төлейтін салығын азайтады. Өкініштісі осы жерлерге барған қазақ жастары «қытай тілін білмейді» немесе «мұсылман, бізбен араласа алмайды» деген сылтаумен қақпай көреді.
Тағы бірі, біздің білуімізше Қазақстанда баспана ең түйінді мәселелердің бірі, шетелден барған қазақтар емес жергілікті тұрғындардың өзі баспана мәселесіне көп бас қатырады. Сондықтан шетелден тарихи Отанына барған қандастарыңыздың барлығына баспана беру мүмкін емес екендігін барлығымыз білеміз, десе де, «елім, жерім» деп барған жастардың баспана мәселесін өздері шешуіне жағдай жасалса, білімді жастардың Қазақстанға көптеп баруына сара жол ашылған болар еді.
Сондай-ақ Қытай елінен барған жастардың көп сандысы ана тіліне қанық, қытай тілін біледі, ағылшын тілінен сауатты, бірақ, олардың көбі орыс тілінен хабарсыз. Ал Қазақстандағы жұмыс орындары орыс тілін ерекше талап етумен бірге, іс қағаздардың көбі орыс тілінде жүргізілгендіктен, қытайдан барған жастардың көбі Ресейге барғандай күн кешуге мәжбүр болып отыр. Ал бұл Қытайдан қақпалау көрген қазақ жастарының мәселесін қайтарып, екі аралықта қалудай өте ашынарлық өкінішті жағдайды қалыптастырды. Сондықтан шетелден барған қазақ жастарының орыс тілінен алғашқы сауат ашуына көңіл бөлінсе деген тілегіміз бар. Сонымен бірге жұмыс орындарында орыс тіліне қойылатын талапты тезден жоғалтуға бастамашы болуыңызды сұраймыз, өйткені мемлекеттік тіл қазақ тілі ғой!
Кейбір мәліметтерге жүгінсек қазірге дейін 500 мың таза қытай Қазақстанға барып еңбек етіп жатыр екен. Бұлай бола берсе, қытай ұлты да Қазақстандағы көп ұлттың біріне айналып билікке таласатын болады. Сондықтан тым болмағанда оның 200 мыңы өз қандасыңыздан болса ұлтымыздың болашағына пайдалы болары даусыз. Яғни, екі елдің заң-ережелері мен халықаралық келісім шарттарға негізделе отырып, Қазақстандағы маман тапшы салаларға Қытайдағы қазақ жастарынан жұмысшы қабылданып, еңбекақы, баспана мәселелері толық шешім етілсе жақсы болар еді. Ал жастардың көп сандысының талабы Астана мен Алматы ғана емес, қазақ елінің қай жері болса да, тек өз мамандықтары бойынша жұмыс жасауына жағдай жасалумен бірге баспана, еңбекақы қатарлы мәселері шешімін тапса болғаны. Сонымен бірге осы жастар қазақ елінің солтүстік аймақтарына, атап айтқанда, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарына жұмысқа тұрса қазақ елінің дамуына көптеп үлес қоса алар еді.
Өзіңіз көп айтасыз «Мен жастарға сенемін, жастар – Қазақстанның болашағы» деп, ал сол сіз сенген жастардың бір бөлімі от пен судың арасында қалуда, бұлай болу Қазақстанның болашағын бұлыңғыр етеді. Әрі «қазақтың шашылған миын жинау керек» деген сөзіңізді есімізге алсақ, бұл мәселеге көбірек көңіл бөлетініңізге кәміл сенеміз.
2. Латын алфавитін негіз еткен ортақ жазуға көшіп, күллі қазақтың рухани тұтастығын қалыптастырудың қадамы тездетілсе деп тілейміз.
Өзіңізге белгілі түрлі тарихи себептермен қазір дүние жүзіндегі қазақтар екі-үш түрлі жазу қолданып отыр. Осы себептермен әр мемелекеттерде жасап жатқан қазақтардың бір-бірімен болған мәдениет ауыс-күйісіне ауыр дәрежеде тәсір жетуде, әрі ұқсамаған елдегі қазақтар, әсіресе Қазақстан мен Қытайдағы қазақтар бір-бірінен алыстап бара жатқандай.
Оның үстіне орыс тілінің ықпалына күшті ұшыраған қазақ кирилл әліппесінің кемістіктерін бізден жақсы білесіздер, сондықтан қазақ тілінің орыс тілінің ықпалынан құтылуын қаны қазақ құптайды. Оның үстіне Ахмет Байтұрсынұлы бабамыз арна түсірген арабша төте жазуды киелі деп білсек те ондағы келеңсіздіктерді біз де біліп жатырмыз. Ал, ежелгі түркі жазуына қарсы емеспіз. Десе де, бұл жазуды қайта тірілтудің мүмкіндігі аз, өйткені қазірге дейін бірлікке келген бір тұрақты әліппе қалыптасып үлгерген жоқ. Әрі бұған кететін қаражатты айтпаған күннің өзінде, бірқаншамыз қолдадық десек те жастардың көбі қабыл көрмеуі мүмкін.
Сонымен араб немесе кирилл жазуларымен мол мәдени қор жинағанымызды ескерген күннің өзінде, осынау жаратылыстық ғылымдар мен компьютер техникасы ұшқан құстай дамыған білім экономикасы дәуірінде, осы жазуларды жалғасты істете беру керек пе, жоқ па? «Осы жазулар қазіргі және болашақтағы ұлтымыздың рухани тұтастығы мен дамуына, жүйеден тіліміздің бұдан былайғы болашағына ықпалы қалай, жаратылыстық ғылымдармен компьютер техникасының дамуына ілесе ала ма, жоқ па?» деген мәселе есті қазақты ойландырары даусыз! Осыны ойласақ латын жазуының қазақ үшін ең кемелді жазу екенін есі бар адам түсінеді деп білеміз.
Ескерер жәйіт, ұлтымыз бір ғасырдан бері көп түрлі жазу формаларын қолданғандықтан көптеген қазақ азаматтары сауатсыз қалған кездер болған. Сондықтан, егер тағы да жазу өзгертер болсақ және де ішінара азаматтар сауатсыз қалуы мүмкін деп алаңдатушылық танытатындар болуы мүмкін. Әрі бұл үкіметтің қазақты надандастыруының тәсілі дейтін керенау көзқарастағы адамдар жоқ емес. Бірақ бізше, мәселе мұнда емес, яғни сауатсыздықты жою мен ағылшын тілін жаппай үйрену дәріптеліп отырған бүгінгі таңда, жаңа жазуға көшер болсақ, сауатсыз азаматтарға қара таныту ерекше қиын жұмыс екенін білерсіз, басты мәселе қазақ тілінің дамуы мен болашағы.
Ерекше айтарымыз, Қытайдағы қазақ балалары бұрыннан бері үш қайнаса сорпасы қосылмайтын үш түрлі жазуды игеруге міндетті әрі таяудан бері Қытай тілін жалпыластырып, аз ұлттар тілінің қолданым аумағын таратылудың қадамы күннен күнге тездетіліп, көптеген қазақ балаларының қытайша оқып жатқанын білесіздер, оларға қазақша төте жазуды үйретудің қиындығы айтпаса да түсінікті. Сонымен қазір Қытайдағы қазақ балларының көбі Қазақстанмен арадағы рухани тұтастықты былай қойып, ана тілінен, ұлттық идеологиядан оқшау қалып отыр, егер латынша жазу болса бұлай болмас еді. Оның үстіне қытай үкіметі арабша төте жазуды Ислам дінімен тамырлас деп қарайтындықтан латынша әліппеге көшуге қарсы емес.
Сондықтан алдыңғы ғасырдың басында түрік көсемі Мұстафа Кемал Ататүріктің араб, парсы тілдерінің ықпалынан құтылу, түрік тілінің болашағына сара жол ашу үшін жазу реформасын жүргізгені секілді қазаққа да бір жазу реформасы шұғыл қажет.
Бұнда жаңа жазу жөнінде пікір бірлігіне келу тіпті де маңызды деп білеміз. Яғни «Алтау ала болса ауыздағы кетеді» дегендей ойымыз бір жерден шықпаса бәрінен құр алақан қаламыз. Сондықтан Қытай еліндегі қандастарыңыздың сіздерге қарап отырған жәйі бар.
3.Қытай Қазақтарының рухани сұраныстарына көңіл бөлсеңіздер, рухани жақтан адасуының алдын алсаңыздар деген тілегімізді айтамыз.
Өзіңізге мәлім Қытай үкіметі сабан астына су жүгіртер сұрқилықпен өз териториясындағы ұлттарды тілінен, дінінен айырып, рухани жақтан құлдандырып, аталмыш «жұңхуа» ұлтын жасауға жанталасып жатыр. Сол үшін де қазақша сөйлеп тұрған ақпарат орындарының халыққа үгіттейтін идеясы да сол.
Сонымен бірге жуық жылдардан бері «аз ұлттардың мәдениетін дамытамыз» деген тамаша сылтаумен қазақша мектептерді қытайша мектептерге қосып, аталмыш «қос тілді оқу-ағартуды» жүзеге асыруды шегінен асыра жүргізді. Қазір мектептердегі ана тілінен басқа пәндердің бәрі қытайша жүреді. Тіпті жуырда қыркүйек айынан бастап бастауыш мектептің ана тілі оқытуын 3 сағатқа қысқарту жөніндегі қаулылар шыққанын естіп жатырмыз. Әрі көп санды қазақтың баласын амалсыз қытайша оқуға бере бастағанын ескерген Қытайдағы қазақ жастары мұндағы қандастарыңыздың бұдан былайғы тілі мен дәстүрінің болашағы қалай болар деп алаңдап жатыр.
Оның үстіне Қытайдың өздерінің ұлылығын ел ішінде ғана емес, шетелдерде үгіттей бастағанына бірталай уақыт болды. Екі елдің дипломатиялық қатынастарының күн сайын жақсаруына байланысты Қытай өздерін Қазақстанға да үгіттеуді де қолға алғанын білесіз. Мысалы, Астанада арнайы қытай тілі мен мәдениетін үйрететін «Құңфузы институты» құрылғаны жайында да естігенбіз, әрі «көрші» секілді журнал шығарып та өздерін үгіттеп жатыр.
Осы орайда, Қазақстан тарапы екі жақты қарым-қатынастардың күшеюін және стратегиялық әріптестік қатынастарды пайдалана отырып, Қытайдағы қазақтардың төл мүддесіне сай келетін және ұлттық рухын нығайтатын жүйелі, нысаналы және байыпты саясат жүргізуі қажет деп ойлаймыз. Бұл жөнінде Жәди Шәкенұлы ағамыздың ұсыныстары ерекше орынды деп білеміз.
Бұнда ең бастысы Қазақстан үкіметі сіздің бастауыңызбен Қытай еліне қарата Қазақстанды таныту, қазақ мәдениетін таныстыру мақсатындағы журналдар шығару ісін қолға алса, мұнда Қазақстанды таныту мақсатындағы шығармалар мен Қытай елінің заңына сиятын қазақтың төл мүддесіне сәйкесетін туындылар жарияланып тұрса жақсы болар еді. Әрі Қазақстанның радио-кино-телевизия саласы біздің Қытайдағы қазақтардың радио-кино-телевизия тарату орындарымен арнайы байланысқа шығып, Қытайдағы қазақтардың рухани сұранысын қанағаттандарса бұл жақтағы Қазақстан туралы білері шамалы, санасы улана бастаған қазақ үшін пайдалы болар еді.
Сонымен бірге, өзіңіз білесіз Қытай үкіметі телевизия-радио, газет-журнал қатарлы шетелдің ақпарат көздерін пайдалану көздерін шектейді, сондықтан Қытайдағы қазақтардың көбі Қазақстан жөнінде толық мәліметтерге ие бола алмай отыр. Бірақ, соңғы жылдары ғаламтор техникасының дамуына ілесе қазақша тор сайттары қазақ жастарының Қазақстан жөнінде және ұлттық тақырыптағы мәліметтерге ие болуындағы қайнар көзге айналып отыр. Сондықтан, Қазақстан үкіметі үкіметтің тор сайттарының және басқа да ұлттық-мәдени тор сайттарының арабша төте жазудағы немесе латынша жазудағы нұсқасын ашса, я болмаса Қытай қазақтарына арнап арабша төте жазуды немесе қытай тілінде (өйткені қазір көптеген қазақ баласы қытайша оқиды) арнаулы тор сайттар ашылса, бұнда ұлттық-мәдени мазмұндар мен Қазақстан туралы мәліметтер, Қазақстандағы маман тапшы салалардағы жұмыс орындары және Қазақстан жастарының Қытайдағы қазақ жастарымен болған пікір алысулары жарияланып тұрса, бұл бір игі іс болар еді.
4. Қытайдағы Қазақ балаларының білім алуына көбірек көңіл бөлсеңіздер екен.
Қытайдағы жоғары мектептердің барлығы түгелдей қытайша оқытуды негіз етуі және Қазақ жастарының жұмысқа орналасуы қиындауы себебінен, Қытайдағы қазақтардың көбі балаларын ана тілінде Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқытып тарихи Отанда тамыр тартқысы келеді, сонымен көптеген ата-аналар балаларын Қазақстанға оқуға жібереді. Десе де, сол балалар Қазақстанға барған соң көптеген мәселелерге жолығады, әрі туыс-туғанның болмауы тағы бір мәселе. Сондықтан Қытайдан барған қазақ балаларының алаңсыз емтихан тапсыруына жағдай жасалуы керек деп білеміз.
Сонымен бірге әр жылы барған балалардың кейбірі мәлім себептермен оқуға түсе алмай қайтып келіп ата-анасы бірталай шығынға ұшырайды. Ал бұл қалтасы жұтаң қазаққа оңай тимейді. Сондықтан егер мүмкіндік болса, екі елдің арнаулы заң ережелеріне жүгіне отырып, Қытайдағы қазақтардың балаларынан Қытай елінің өзінде арнаулы емтихандар алу орналастырылып, осы арқылы оқушы балалардың ішіндегі үздіктерін арнаулы санмен Қазақстанға әкетіп оқыту қарастырылса, болашағы бар қазақ балаларының Қазақ еліне кетуіне жол ашылумен бірге Қытайдағы қазақ балаларының білім алуына да пайдасы зор болар еді деп ойлаймыз.
5. «Оралман» деп атауды құптамаймыз, өйткені барлығымыз қазақпыз.
Қазақ қоғамында дау туғызып отырған мәселелердің бірі «оралман» атауы екенін барлық қазақ біледі. Бұл жөнінде сіздің «Қазақты жергілікті және оралман деп бөлмеуі керек» деген сөзіңізді және осы оралман атауын күшінен қалтыру немесе алмастыру туралы мемлекеттік тапсырмалар бергеніңізді білеміз, әрі сіздің осындай жақсы бастама көтергеніңізге Қытай еліндегі қандастарыңыз разы.
Өзіңіз білесіз, шетелдегі қандастарыңыздың көбі әлі күнге дейін әлмисақтан бергі ата мекенінде отыр, мысалы бір жарым миллиондай қандасыңыз әлі де қазақ жерінің шығысында, атап айтқанда Баркөл, Еренқабырға, Тарбағатай, Алтай, Іле қатарлы әлмисақтан бергі ата жұртында Қытай әкімшілігінде отыр. Ал, осы аймақтардың ежелгі үйсін, керей, найман қатарлы қазақтың арғы тегінің кіндік қаны тамған топырағы, ата-бабаларымыз қанын төгіп қорғаған қасиетті қазақ даласының бір бөлшегі екенін ұмытпау керек. Атап айтқанда, Қытайға қарап кеткен жоғарыдағы бес аймақ Шығыс Қазақстан болып есептеледі. Ал Қытай мен бұрынғы кеңес республикаларынан тыс еуропаны қамтыған басқа жердегі қандастарыңыздың көбінің Қытайдың қысымына төзе алмай тозып кеткен Баркол өңірінің қазақтары екенін сіз жақсы біледі деп ойлаймыз.
Айтарымыз, алдыңғы ғасырдың соңында сіздің парасаттылығыңызбен көршілес Қытай елімен арадағы мәңгілік достық қарым-қатынасты сақтау мақсатында Қазақстан мен Қытай арасындағы Кеңестік дәуірден қалған шегара мәселесінің дұрыс шешім табуымен бірге, «Қытай елі территориясына көз қызартпаймыз, шығыстағы шекарамыз осыған дейін» дегендей Семей облысының аты Шығыс Қазақстан деп өзгертілгені белгілі. Десе де, қазір Қытайдың кез-келген тарих кітаптарын, тіпті мектептердің тарих оқулықтарын ашып қарасаңыз, Жетісу мен Семейді өз картасына енгізіп алғанын көресіз. Демек, Қытайлар Балқаш көлінің шығысы мен оңтүстігіндегі ұлан-байтақ территория біздікі деп әлі де қасиетті қазақ даласына көз қызартып отыр. Біздің өлке атауының өзінде мән жатыр. «Щинжаң» дегені жаңа шекара, ал көне Орта Азиядан бөлмекші, сақтану керек!
Оның үстіне шетелдегі қазақтар ешқашан кезінде қашып кетіп, тәуелсіздіктен соң қайта оралғандар емес! Мысалы Қытайда жасап жатқан керейлер, наймандар қазақ даласының тұтастығы үшін сан ғасыр қан төгіп күрескен, ал албандар 1916-шы жылғы ұлт азаттық көтерілісте қазақтың елдігі, егемендігі үшін күрескен. Әрі осы Қытайдағы қандастарыңыз қазақ даласының шығысын азат ету үшін Қытаймен де өліспей-беріспей күрескен, Оспан батыр мұның жанды мысалы. Ал Түркия мен Еуропадағы қазақтардың кезінде қазақ баласының шығысын қорғау үшін қан төгіп күрескен Баркөлдегі қазақтардың амалсыз ауа көшкен бір бөлімінің соңғы ұрпақтары екенін білесіз.
Айтпағымыз егер Қытай елінен барған қандастарыңыз «оралман» деп аталса, Қытайдың «Балқаш көлінің шығысы мен оңтүстігіндегі ұлан байтақ территория біздікі болатын» дегенін мойындағандай болып қаласыздар. Сондықтан шетелден барған қазақтарды оралман деп бөлектеудің орнына, шетелдегі қазақтардың тарихын, мәдениетін Қазақстан халқына таныстырып, бүкіл дүниедегі Қазақтардың бауырластығын нығайтуға, рухани тұтастығын қалыптастыруға жұмыс жасалуы керек.
6. Ұлттық рухани құндылықтарымыздың ақша табудың құралына айналуын шектеу керек.
Өзіңізге мәлім осыдан бірнеше жыл бұрын Қытайда қасиетті мұрамыз Домбыра аяқасты етіліп, «Домбыра» деген маркамен арақ шыққан, бұған да бірталай жанталасқанбыз. Көптеген ұлтшыл азаматтар атсалысты, үкімет мәжілістерінде ортаға салынды, бұған жастар жағы да үн қостық. Жалпы болып жиналып осыған қарсы тұрдық, қол жинадық, хат жаздық, сотқа көтерілді. Десе де, бұл мәселе шешімін таппады. Себебі: «Қытайда қазаққа уәкілдік ете алатын үкіметтік ұйым жоқ, ешқандай жекенің бір халықтың мәселесін сотқа көтеру құқығы жоқ» деген сылтау болды. Расында дүниедегі қазаққа бірден-бір уәкіл бола алатын үкіметтік ұйым Қазақстан Республикасы үкіметі, сондықтан бұндай мәселелерді шешім етуге жеке бір адам қауқарсыз.
Бәлкім білмейтін боларсыздар, қытайлар қазақ халқын жақтыртпаған сыңаймен «хаса» деп атайды. Ал көп санды қазақтар бұл атауға негізінен үйірлесіп те кетті. Ал өкінерлігі күні кеше ғана дәл осы атты марка етіп алған «хаса» маркалы желілес арақтар базарға шығып үлгерді. Сөздің төтесі «қазақ» маркалы арақ шықты, бұл не деген сорақылық! Арақ қытай халқының атасынан қалған асы болғанымен қазақ үшін бүкілдей жат нәрсе, арақтың кесапатына ұшыраған қазақтар қаншама?!
Ал Қытайдағы қазақ жастары бұрын «домбыра» деп жұлқынса қазір «хаса» маркалы арақты тоқтатуға атсалысып жатыр. Десе де, осы «хаса» маркалы арақ сөз бола қалса, сіздер жақтағы әңгімелер қозғалады. Яғни, «әнұран таққан арақты, домбыраға құйып таратты» деген хабарды да естігенбіз. Сонымен бірге Қазақстан туы, елтаңбасы, Абай атамыздың суреті қатарлылар бедерленген шоколад кәмпиттерді де көп көреміз. Бұл жайында біздің жақта аңыз күшті. Сондықтан осыған өзіңіз бастамашы болып, ұлттық мәдени-мұраларымыз бен қазақ пен Қазақстанға уәкіл болатын дүниелердің ақша табудың құралына айналып, марка болуына тосқауыл қойып, халықты рухани құндылықтарымызды қорғауға үндеуіңізді өтінеміз. Біздіңше, тіпті арнаулы заң шығарылса да артық емес.
Егер осы талап-тілектеріміз орындалса Қытайдағы бір жарым миллион қандасыңыздың бұдан былайғы болашағына пайдалы болары даусыз. Сонымен бірге жастар қауымы ғана емес жалпы Қытайдағы қандастарыңыз сізге зор алғыс айтар еді.
Ескеріңіз: осы хатпен бірге Қытайдағы қазақ жастарына уәкіл ретінде 362 студенттің қолтаңбасы жіберілді. Қытайдың саясаты өзіңізге мәлім, сондықтан бұл қолтаңбаның ерекше құпия болуын өтінеміз, рахмет!
2009-жылы мамыр айының 30-шы жұлдызы
Krill aripin latynshaga auystyrgandy kuptaimyn:) prezident myrza bul xatga ne dep jauap berdi eken????