Cурат кофеханасы

Үнділік Сурат қаласында шағын бір кофехана болды. Оған әр түрлі жерлерден, әр түрлі аймақтардан келген жолаушылар мен шетелдік тұрғындар жиі келіп, түстенетін.

Бір күні оған өзі ғалым дінбасы адам бас сұғады. Ол өмір бойы Құдай тағаланың болмысын зерттеп, ол туралы кітаптар жазған еді. Ол Құдай туралы ұзақ ойланып, оқып жазғаны соншалықты оқығандарынан шатысып, ақырында Құдайға мүлде сенбейтін болыпты. Мұны жергілікті мекендегі патша біліп қойып, парсы патшалығынан қуып жіберіпті.

Сөйтіп, өмір бойы алғашқы бастама туралы ойланып, ақырында шатысқан байғұс дінбасы оны өзінің ақылынан көрмей, әлемді басқарушы жоғары тылсым иесінің жоқтығынан көреді.

Бұл дінбасының қайда жүрсе артынан қалмайтын африкандық құлы болыпты. Дінбасы манағы кофеханаға кірген кезде африкандық құл есіктің жанындағы тасқа отыра кетіп, өзінен шыбындарды қоруға көшеді. Ал дінбасы болса, кофеханадағы жұмсақ орындыққа отыра кетіп, өзіне опиум әкелуді бұйырады. Опиум бойына тарап әсер бере бастаған соң ол есік алдында отырған құлына бұрылып: , -Иә, бейшара құл, айтшы, қалай ойлайсың, Құдай бар ма, жоқ па?,- дейді.

– Әрине бар, – деп құлы жалма жан қалтасына қолын сұғып, ағаштан жасалған идол алып шығады. Міне, – дейді құл сөзін жалғап. Бұл құдай мен жарық дүниеге келгеннен бері мені сақтап келеді. Бұл құдай біздің елімізде бәрі табынатын киелі ағаштың бұтағынан жасалған, – дейді құл.

Бұл әңгімені естіген кофеханадағы адамдар таң қалады.

Оларға дінбасының қойған сұрағы таңқаларлық болып көрінеді, ал құлдың жауабы одан да таңқаларлық көрінеді.

Құлдың сөзін естіген брамин оған бұрылып:  – Бақытсыз есалаң! Құдай адамның белбеунің астында деп кім айтты саған? Құдай ол – Брама. Ол мына әлемнен де үлкен, себебі, осының бәрін ол жаратқан. Брама – ол жалғыз әрі ұлы құдай. Гангес өзенінің жағасына салынған храмдардың барлығы да соның құрметіне салынған және де оның жалғыз табынушылары браминдер. Тек солар ғана шынайы құдайды таниды. Қаншама заман өтті, олар өзгеріссіз қалуда. Оның себебі Брама оларға көмек қол ұшын созады, дейді.

Барлығының көзін жеткізгісі келген браминнің сөзін бір евврей бөледі.

Жоқ, – дейді ол. Ақиқат құдайдың храмы Үндістанда емес! Және де Құдай браминдер кастасына қолдау көрсетпейді. Браминдердің құдайы ақиқат құдай емес, Исаактың, Жақыптың құдайын Ақиқат құдай деп айтуға болады. Және де Ақиқат Құдай тек өзінің халқына яғни израиль халқына ғана қолдау көрсетеді. Әу бастан Құдай біздің халқымызды сүйген әлі де сүйіп келеді. Егер де қазір біздің халық жан жақта тарыдай шашылып жүрсе де, бұл тек Құдайдың бізге берген сынағы ғана. Ол уәде еткендей өзінің халқын Иерусалимге жинап, көненің ғажайыбын қайта әйгілейтін болады. Израиль халқын барлық халықтың басшысы етіп қоятын болады дейді.

Осыны айтып еврей шыдамай жылап жібереді. Ол қайта жалғастырғысы келгенмен итальяндық оған сөз бермей бастап кетеді.

– Сіздердің айтқандарыңыздың бәрі өтірік. Сіздер Құдайға әділетсіздік таңып отырсыздар. Құдай бір халықты бөліп, өзгелерден артық сүймейді. Ол тіпті бұрындары Израильге артықшылық танытса да, міне  1800 жыл өтті, Құдай қаһарланып, өзінің қаһарының белгісі ретінде бұл халықты жер бетіне шашыратып жіберді. Сондықтан ол сенім таратылмақ түгіл қазір қалды ма деп сұрау керек. Біз білетін Құдай жекелеген халықтарға артықшылық бермейді, ал керісінше, құтқарылғысы келген адамдарды римдік католиктік шіркеу маңында бірігуге шақырады. Онсыз адам баласы үшін құтқару жоқ.

Мұны естіген протестанттық миссионер өңі өзгеріп шыға келеді де дереу сөз бастайды:

– Құтқару жолы тек сіздің сеніміңізде деп қайтып айта аласыз? Сіз білесіз бе, Евангелие бойынша, Құдайға қызмет етіп, Иисус заңымен жүрген адам ғана азаптан аман қалады, – дейді.

Осы қалада кеденде жұмыс істеп жүрген түрік шылымын маңғаздана тартып екі христианға қарап:  – Сіздер өздеріңіздің сенімдеріңіздің дұрыстығына бекер мәз боласыздар. Сіздердің сенімдеріңізді баяғыда осыдан алты жүз жыл бұрын Мұхаммед ілімі алмастырған. Және сіздер өздеріңіз көріп отырғандай, Мұхаммедтің ақиқат ілімі барған сайын Еуропаға, Африкаға, Азияға, тіпті Қытайға да таралуда. Сіздер өздеріңіз еврейлер Құдайдың қаһарына ұшырады, олар сол үшін де жазаланып жатыр деп дәлелдер келтіресіздер. Мұхаммед ілімінің ақиқат екендігін енді мойындайтын шығарсыздар, себебі ол қазір күллі әлемге таралуда. Құдайдың соңғы елшісі Мұхаммедке сенген адамдар ғана аман қалады. Және де тек Омар халифтің ізбасарлары ғана жәннатқа барады. Әлидің ізбасарларының жолы ағат жол, – дейді.

Бұл жерде Әлидің де ізбасарлары бар еді, олар манағы сөзге шыдамай қарымта қайтарайын деп еді, кофеханада түрлі сенім иелері бір бірімен дауласып, оған мүмкіндік те болмай қалады. Абиссиндік христиандар, үнділік ламалар, измаилиттер, отқа табынушылар да дауға араласа бастайды.

Барлығы да Құдайдың болмысы туралы, оны қалай құрметтеу керек туралы айтысып жатқан еді. Барлығы айғайласып, қызу дауласып жатыр еді. Тек бұл дауларға кофехананың шетінде отырған Конфуцийдің оқушысы араласпап еді. Ол шай ішіп, үнсіз тыңдап отыр еді, бір уақта оны байқаған түрік:  – Мейірімді қытайлық, ең болмағанда сен мені қолдашы. Мен қазір сіздерде әр түрлі сенімдер бар екенін білемін. Көпестеріңізден сіздер барлық сенімдердің ішінде Мұхаммед ілімін артық санайды және соны қабылдап жатыр деп естігем. Мені құптап, ақиқат Құдай мен оның пайғамбарлары жөнінде не ойлайтыныңды айтшы дейді.

– Иә, иә айтшы, ойларыңды ,- дейді барлығы да.

Конфуцийдің оқушысы көзін жұмып, ойланып болған соң көзін ашып, кең жеңінен қолын шығарып, кеудесіне қойып, ақырын салмақты дауыспен былайша сөз бастайды. (жалғасы бар…)

Advertisements
Бұл жазбаның орналастырылған санаттары: Категориясы жоқ және кілтсөздері: , . Бетбелгі жасау үшін тұрақты сілтеме.

1 Response to Cурат кофеханасы

  1. zhannur айтады:

    өте қызық екен, жалғасын асыға күтемін

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Google photo

You are commenting using your Google account. Log Out /  Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

Connecting to %s