Мұхтар Шахановтың мәлімдемесі

НЕГІЗІН «АМЕРИКАНДЫҚ ҰЛТТАН» АЛАТЫН «ЕЛ БІРЛІГІ»

(«ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰЛТ») ДОКТРИНАСЫ ТУРАЛЫ

«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ» ҚОҒАМДЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

МҰХТАР ШАХАНОВТЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

 

Осыдан жарты-ай бұрын «Жас Алаш», «Президент және халық», «Қазақ», «Жаңа апта», «Жас қазақ үні», «Қазақстан», «Заман-Қазақстан» газеттерінде және «Abai.kz» сайтында белгілі әдебиет, өнер, ғылым қайраткерлері Ә.Нұрпейісов, М.Әлімбаев, Ш.Елеукенов, М.Мырзахметов, Т.Кәкішев, А.Әшімов, Қ.Медеубеков, Қ.Жұмаділов, Д.Исабеков, Р.Сыздықова, Г.Бельгер, Қ.Мырза-Әлі, Б.Нұржекеев, Қ.Сәрсекеев, С.Сматаев, Ғ.Қабышұлы, Қ.Ысқақ, Т.Медетбек, Қ.Ормантаев, Б.Атабаев, И.Сапарбай, Ғ.Жайлыбай, Н.Нүсіпжанов, М.Ілиясова, А.Қоразбаев, партия басшылары Ж.Тұяқбай, Б.Әбілев, С.Әбділдин, В.Козлов және республикамызда шығатын газет-журналдардың бас редакторлары, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдар жетекшілері, барлығы 124 адам қол қойған, 5 мыңнан астам халық қолдаған «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевқа, қазақ халқына, республикамыздағы өзге ұлт өкілдеріне ашық хат» жариялаған едік. Онда бастауын «американдық ұлттан» алатын, бірақ біздің айқайымыздан кейін аты «ел бірлігі» боп көзбояушылықпен өзгертілген «қазақстандық ұлтқа», яғни Қазақстан халқы Ассамблеясы талқылауға ұсынған «Ел бірлігі» доктринасына бұлтартпас дәлелдер арқылы қарсылық білдіргенбіз. Бірақ билік осыншама халықтың қарсылығына құлақ аспай, доктринаны жедел түрде қабылдатып жіберуге күш салуда. Ал доктрина қабылданған сәттен бастап, Америкадағы сияқты бәріміз бір ұлт боп ұйысамыз. Қазақ ұлты республикамыздағы көп этностың біріне айналады. Ұлтқа бөлектену, оның қасиетін, тарихын ардақтау деген мүлде болмайды. «Үш тұғырлы тіл» аясындағы орыс тілі мен ағылшын тілі алға шығады да қазақ тілі бірте-бірте қимыл-қозғалысын тоқтатады. Доктринадағы «мемлекеттік тілді дамытамыз» деген сөздер жұртшылықты алдарқату үшін ендірілген. Себебі «американдық ұлт» идеясы мүлде басқа мақсатты көздейді. Біздің халықтарымыздың мүддесіне кереғар бұл идеядағы ұлт мәселесі әркімнің жеке шаруасына айналады. Егер сол тұста «мен қазақпын», «мен орыспын», «мен ұйғырмын» десеңіз жауапқа тартылуыңыз ғажап емес. Ол туралы Елбасы «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс өткен ХІ съезінің баспасөз мәслихатында өзі менсінбейтін мемлекеттік тілде емес, ресми тілде былай деп сездіріп еді:

«…мы идем к самоидентификации – быть единым народом Казахстана. Вот, например, американцы состоят из сотни народов и наций, но называются американцами. Никто там не называет друг друга китайцем или корейцем. А твоя национальность – это твое дело… И это правильно. Потому что одна страна должна жить одним народом».

Елбасы тағы бір сөзінде: «…бұл идеяны менің ойымша, қазақ тілінде «қазақстандық ұлт» емес, «қазақстандық ел» деп атаған жөн тәрізді» деген болатын. («Егемен Қазақстан», 31-мамыр, 2008 ж.) Осы мәселеге арналған бір өлеңімде мынадай жолдар бар еді:

«Қазақстандық ұлтты» мейлі «қазақстандық ел» деңіз,

Одан оның мән-мазмұны өзгерер деп сенбеңіз.

Құл ететін, құм ететін жігеріңді, місеңді,

Тіпті «қазақ елі» деңіз ұлтқа салар кісенді.

Аты ғана ізгіліктен елес беріп саналы,

Зұлымдығы, кісендігі өз күшінде қалады…

Бұл бағытпен ұлтыңызға өзіңіз көр қазасыз,

Бірақ әсте ойламаңыз қаламын деп жазасыз.

Басталатын төгілген қан, сатылған жер атынан,

Ешкім ертең құтыла алмас қатал тарих сотынан.

«Қазақстандық ұлт» ақыры «Ел бірлігі» атауына барып табан тіреді. Бұл қауіпті идея туралы Өзбекстан Республикасының Президенті И.Каримов өз елінің депутаттарымен кездескенде былай деді:

«Көршімізді «Қазақстан Республикасы» деп айта алмаймын. Себебі Қазақстанның жері, жерасты байлығының 75 пайызы өзге шетел азаматтарының қолына сатылып кеткен. Енді олар «қазақ» деген ұлтты құртып, «қазақстандық ұлтпен» паспорт бермекші. Өздері осындай жағдайда тұрып маған «Орта Азия Одағын құруға қолдау көрсет» дейді. Өз ұлтын жойып жатқан елге мен қалай сенуім керек?»

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі» доктринасына қарсы Президентке, қазақ халқына және республикамыздағы өзге ұлт өкілдеріне жолданған ашық хатқа бүгінге дейін 15 мың адамның қуаттап, қол қойғанын жұрттың есіне сала отырып, Қазақстан билігіне мынадай талап қоямыз:

Егер билік 2009 жылғы 17-желтоқсанға дейін, құрылымы да, заңдылығы да күмәнді, екінші Парламент роліндегі, әлемнің бірде-бір елінде жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясы арқылы ұсынылып отырған, өзінің түпкі негізін «американдық ұлттан» алатын «ел бірлігі» («қазақстандық ұлт») доктринасына тоқтау салмайтын болса, осы жылдың 20-қыркүйегінде Республика сарайында 4 мың адам қатысқан «Мемлекеттік тілді қолдау» акциясында билікке қойылған 10 талапты орындауға, оның ішінде әсіресе мемлекеттік тіл туралы арнайы заң қабылдауға және тәулігіне 24 сағат жұмыс істейтін мемлекеттік тілде телеарна ашуға уәде бермесе, 17-желтоқсанда, яғни, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне 23 жыл толған күні, ұлтының, тілінің жойылуына келіспейтін адамдармен бірге аштық жариялаймыз. «Ел бірлігі» доктринасы бүкілхалықтық талқылауға ұсынылып отырғандықтан ол туралы пікір айтуға, қарсылық білдіруге бәріміздің де құқымыз бар. Ал аштық жариялау аясындағы менің жеке басыма тоқталар болсақ, екі рет жүрек талмасын (инфаркт) алған адам ретінде маған бұл шара үлкен қиындық тудыруы мүмкін. Бірақ ұлтымыздың жойылғанын көргенше, оған дейін көз жұма салған әлдеқайда жеңіл емес пе?!

Бізбен бірге Бақтыбек Иманқожа бастаған «Желтоқсан рухы» қоғамдық бірлестігінен 30 адам, Бейсенғазы Сәдуұлы бастаған «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінен 20 адам және белгілі тарихшы, филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметов бастаған ғалымдар тобы, Қазақстанның халық қаһарманы желтоқсан құрбаны Қайрат Рысқұлбековтың анасы Дәметкен Асанбаева мен желтоқсан құрбаны Ләззат Асанованың анасы Алтынай Асанова бастаған аналар тобы да аштық жариялауға отырмақ. Аштық жариялаушылар тізімі 17-желтоқсанға дейін жалғаса бермек.

Жуырда, Астанада, ел рухын асқақтату мақсатында «Қазақ елі» монументі ашылды. Жағымпаздар оны Франциядағы Эйфель мұнарасынан да биік қойып, мадақтап жатты. «Қазақ елі» монументінің басқы бетіне, соңғы кездері қайта-қайта мәңгілік Президенттікке ұсынылып жатқан Н.Назарбаевтың ғана түр-тұлғасы сомдалған. Қалғанының бәрі аты-жөні белгісіз, символикалық бейнелер. Сонда Президентімізге ұлтымызды жоюға ерекше қайрат көрсеткені үшін және қаншама жыл бойына, өркениетті елдердегідей, мемлекеттік тіл туралы арнайы заң қабылдауға жігерлі түрде қарсы шығып келгені үшін осындай ескерткіш орнаттық па? Бірақ «Қазақ елін» Әбунасыр әл-Фарабисіз, Сұлтан Бейбарыссыз, сол ескерткіш маңындағы қоқысқа апарып тасталған Керей мен Жәнібексіз, Абылайхансыз, Исатай-Махамбетсіз, Абайсыз, Ахмет Байтұрсынұлысыз елестету мүмкін бе? Жағымпаздықтың да шегі, шеті болуы керек еді ғой.

Қазіргі кезеңде қазақ перзенттерінің алдында үш-ақ жол қалған сияқты. Бірі – қазақ ұлтының және республикамыздағы өзге аз ұлт өкілдерінің тілін, рухын жоюға алып баратын «ел бірлігі» («қазақстандық ұлт») доктринасын шамасы жеткенше мадақтап, ТЖ-лықпен, яғни биліктің «табанын жалаумен» айналысу. Екінші жол – «сен тимесең мен тимен бадырақ көз» деген бағыт ұстанып, жеке мүддесін ғана ту етіп, аузына су толтырып алғандай, үнсіз, тілсіз отыру. Үшінші жол – басына төнер қауіп-қатерге қарамай қазақ ұлтын, оның рухани парасатын сақтап қалуға күш салу. Елім, ұлтым деп соғар жүрек үшін, бұдан үлкен міндет болмасы айқын.

Кәне, кім қай жолға бұрылады?

Advertisements
Бұл жазбаның орналастырылған санаттары: Категориясы жоқ. Бетбелгі жасау үшін тұрақты сілтеме.

2 Responses to Мұхтар Шахановтың мәлімдемесі

  1. atai айтады:

    Asa manizdi masele. khazakh khalkhi oz tili oz madenietine ye bola almasa ozge ulttan kholdau taba almas. madenietti ,salikhali ,demokratyalikh salmakhtilikhpen bul jagdaidi jondeuge tirisu kerek ekenin tusinemiz.Masele erte khozgalui kerek edi keshirek bolip baradi, oni ozderiniz de tusinip otirsisdar kurmetti khazakhtar -khazakhstandikhtar emes- …sondikhtan da bolar shettegi bizder -zyali khauimga ozimizdi sanaimiz arine ,Khazakhstanga bet bura almai otirgan jokhpiz ba, anda barip tilden, dinnen aziksirap ash khazakh bolgansha osinda oz ortamizda emen erkin khazakhsha omir surip tokh kapir bolip jurgen jon-dep.

    Shette bolsak ta pikir koskhan jon dep koremiz, pikirimiz 3- joldi tandau, bul usinisti barliginiz kholdauiniz kerek.Rakhmet barliginizga, erekshe rakhmet Mukhtar Shakhanulina.

  2. Ұлтшыл айтады:

    Өтірікпен жарыс болса бар елде,
    Біздер мына шығамыз-ау әлемде,
    Алдыңғы орын, бас жүлдеге ие боп,
    Мақтанышпен, көтерілер бедел де….
    Себеп бізде Елбасы да қосшысы,
    Тек өтірік айтып келер жоқ шыны,
    Ертең сенің жағдайыңды жөндеймін,
    Деген сөзбен, көктиындық жоқ құны….
    Соза-соза мойын кетті кетпеннің,
    Сабындай боп ұзаруда, жетпедің,
    Үзілуге шақ қап тұрды қазақтың,
    Қылқа мойны, құзға келіп кептелдің….
    Өтірік сөз алға баспас алайда,
    Бірақ билік ондайыңа қарай ма?,
    Тіл мен жағын сүйеп қойып екеуін,
    Жоспар жасар Ақ боп тұрған Сарайда….
    Ұялмайды, ұялмасты, жоқ ұят,
    Бәрі жұтқан лебіздерін жоқ санат,
    Арам дүние соқыр еткен көздерін,
    Ен сұраққа халық берер жоқ жауап….
    Халық-бала, тал бесікте тербеліп,
    Келе жатыр ұйқылы-ояу сөзге еріп,
    Түсінсе де сол сөздері тек жалған,
    Кеңпейілдік қанда барды, не дерлік???….
    Бір тұтамды өтіріктің, жалғанның,
    Аяғы оның көпке бармас, қамдалғын,
    Ей қазағым, шындық ізде атойлап,
    Енді жатсаң, сорлап сенің қалғаның….
    Ол сор осы, мәңгүрт етті, құл етті,
    Бар байлықты жалаң етті, тұл етті,
    Тіліңді алды, жеріңді алды дініңмен,
    Енді құртпақ, қазағымды, құрметті….
    Есте болсын жетпіс жылдай ен бойы,
    Айтқан адам өтірікті, жоқ жолы,
    Шындық сөйлер, енді күдер үзгін сен,
    Иланбағын, иланғаның ол-сорың….
    Шындық болса, мына сенде жүректе,
    Өтірікті тез басарсың, өз-өзіңді құрметте,
    Сондықтан да, сенер болсаң сұмдарға,
    Жоқ болғаның, осыны ойла құр кетпе…………..

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Google photo

You are commenting using your Google account. Log Out /  Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

Connecting to %s