Бөпке әжем

(Осы бір шығарманы сағынам да тұрам. Ондағы қазақы ақжарқын мінездерді көріп жақсылап бір күлем…)

Бөпке әжем де сүйегі асыл адамның біреуі. Үйдегі әйелге тән жұмыстың бәрін де Зәуре жоқта сол тындырады. Ертеден қара кешке дейін тыным алғанды білмейді. Табиғат оны жасаған кезде мәз болып, күліп отырса керек. Бөпке әжем жомарт табиғаттың аузынан жаз күніндей жайраңдап түсе қалған. Салдырлаған ақкөңіл, ашық адам. Көрген білгенін айтып сап, қарап отырады.

Көктем шығысымен Қағазбай мен Зәуре (баласы мен келіні) үй көрмейді. Осыдан жеті шақырым жердегі Ұшқаға – егінжайға кетеді. Алты ай жаз – күзгі жиын-терін біткенше сонда болады. Осы уақыттың ішінде бізге тамақ жасап беретін, кірімізді жуып, үй ішіне қарайтын жетпіс жасар қаусаған кәрі кемпір Бөпке әжем.

Әжемді біз «апа» дейміз.

Жоқ, «қаусаған» деген сөз оған жарамайды.

Таңертеңгі шайды апыл-ғұпыл береді де, апам қап алып, тезек теруге кетеді. Мал жайылатын қырқа жақты кезіп, түске таман бір қап тезек теріп әкеледі. Мұрнына су кетіп жүріп, түскі шайды береді. Сосын, қол орақ, арқан алады да, сонау төменгі жазықтан бір арқа қурай немесе ши орып әкелуге кетеді.

Өрістен мал қайтатын кешкі мезгіл. Апам әлі жоқ.

–         Әлгі Бөпке көріне ме, қараңдаршы, – дейді атам.

Біз үйдің үстіне шығамыз. Апам келетін жолға қараймыз.

Апам жоқ, түйе беліндей етіп нығырлап буған бір арқа нән қурай келе жатыр. Иә, иә, тек қурай. Олай-бұлай сәл ырғалып, кәдімгідей жылжып келе жатады. Тағы біраз жақындаған кезде, сіз қурайдың астында жыбырлаған аяқ бар екенін байқайсыз. Адам аяғы. Қурай тура біздің үйге қарай келе жатады.

Қурай әбден жақындағанда, сіз енді оның астынан ауыр жүктің салмағымен жерге тие жаздап келе жатқан, кимешек киген әйел басын қоса байқайсыз. Бұл менің әжем. Қажымас Бөпке әжем. Түйе беліндей нән жүкті арқасына қондырып алған. Үй іргесіне келгенде, ол қурай-мурайымен шалқалап бірден құлайды. Бұ дүниенің бір азабынан құтылғандай кеудесін кере күрсініп, кимешегін басынан сыпырып жібереді. Тер шүмек-шүмек аққан кәрі басын кештік салқын самал желіне тосып, жан шақырады. Түйе беліндей қурайға сүйене отырып, қолтырмаштап алған жібін ағытады. Дем алып, есін жинайды.

Үш мезгіл күніне тамақ пісіруге жұмсалатынын және қыста үй жылытатын отын бұл үйде осылай жиналады.

Біз отқа қурай жақпаймыз, Бөпке апамның терін жағамыз.

Бөпке апам кәріліктің басына теуіп жүрген адам.

Бір күн жұмыссыз отырса, екі қолы алдына сыймайды. Есіне кенет Ұштағы Қағазбай мен Зәуре түсіп кетеді. «Ол екеуі не күн көріп жүр екен? Халдерін білейін. Шайларына қататын қаймақ апарып берейін. Әнеугүні барғанда Қағазбай тісім деп жүр еді. Сонысы қойды ма екен, не болды екен?» – дейді де, әжем жеті шақырым жердегі Ұшқа жаяу тартып жөнеледі. «Кешке мал келгенше, кеп қалармын», – дейді.

Ары жеті, бері жеті шақырым жаяу жүріп қайту оған түк те емес. Көршнің үйіне кіріп шығайын дегенмен бірдей ғана.

Апам сөзінде тұрады. Ойға алған жұмысының бәрін тындырып, май қайтар кезде үйге ол да келеді. Бос қол және келмейді. Жол үстінде кез болған кебу жапаларды теріп, бір етек тезек ала келеді. Көпірдің сынық тақтайы кезіксе, оны да тастамайды.

Мен апамның «ойбай, ауырдым» деген сөзін өмірі естіген емеспін. Өле-өлгенше аузына дәрі салғанын көрген емеспін. Күтіну, демалу дегенді, марқұм, білмейтін еді.

***

Қазақ тәуір деген тамағын кешке ішеді. Нағашым үйінде кешке қарай, әдетте, дәу қазан кеспе істеледі. О, Бөпке апам жасаған кеспе ерекше! Дүние жүзіндегі айтулы ресторандардың бір де біреуінен сіз ондай кеспе тапайсыз!

Ауыз үйдегі қара қазанда қара су шымыр-шымыр қайнап жатады. Осы жетеді-ау деген шамамен апам баспақтан бір уыс тұз алады да, тастап жібереді. Кеспе дәмді болу үшін қасықтың басындай тоңмай салады.

Кеспе істейтін ұнды апам елеп әуреленіп жатпайды. Кебек шықса, ұн азайып қалады дейді ол. Қамыр түйе терісіндей қалың иленеді. Кескен кеспенің жуандығы саусақтай болады.

Жіңішке етіп кесуге апам, біріншіден, асығады, екіншіден, көзі көрмейді. Кеспе орнына саусағын қоса турап алмасына кім кепіл?! Сосын сиырды кім сауады? Қурайды кім орып әкеледі?

Туралған кеспені апам қазанға себездеп, талдап салып жатпайды. Ұмар-жұмар тастай салады. Былай да жуан кесілген кеспе пісе келе таяқтай болады. Қамыр түйін-түйін байланысып жүреді.

Кеспеге картоп салынады. Біз көз болып отырмасақ, апам картопты қазанға қабығымен салып жіберуге бар. Ортасынан бір- бір бөлінген картоптың әр түйірі торғайдай.

Сыпыраның бетінде қамыр кескеннен қалған ұн бар емес пе? Көже маңызды болады дейді де, амап кеспенің үстінен оны және себеді.

Тамақ қазанның сақыр- сақыр қайнауы әбден басылған соң түсіріледі. Ауыр қақпақтың астында тұншыққан бу бүкіл ауыз үйде алып кетеді.

Апам будың арасынан көрінбейді. Тек қазандағы кеспені темір шелекке қотарып құйып алып жатқан дыбысы ғана естіледі.

Қына түсті дөңгелек тақтай стол тағы да жұтынған тоғыз ауыздың (Зәуре мен Қағазбай жоқ болса, жеті ауыздың) қоршауында.

Әркімнің кеспе ішуге арналған тиесілі ыдысы бар. Біреудікі табақ, біреудікі құрсаулы үлкен кесе,  тостаған…

Үлкен ожауды шелекке малып алады да, амап кеспені ыдысына толтыра бір-ақ құйып береді. Кеспе дерлік, кеспе емес. Ботқа дерлік, ботқа емес. Қасығыңды шаншысаң, жығылмай, тіп-тік тұрады. Қарын шығару жағына келгенде, өзге тамақтың бәрін алып ұрады.

Ал іше бер. Тоймай қалсаң, апам тағы құйып береді. Тек сақ бол! Торғайдай картоптың сырты салқын болғанға, іші де сондай екен деп алданып қалып жүрме. Түйіліп қалған қамырдың арасы да сондай – оңайлықпен суымайды. Тіс етіңе ып-ыстық болып жабыса қалса, қолдыратып түседі.

Бөпке апамның кеспесін қарнымыз шеңбірек атып, тойып алғаннан кейін, енді біраздан соң шөлдей бастаймыз. Ауыз үйде шелекте тұрған суға дамыл жоқ. Біресе біріміз, біресе екіншіміз темір кружкамен іліп алып, сімірумен боламыз. Белтоған үйдің дәл қасында, су арзан. Шелегімен түгел қотарып ішсең, ешкім ештеме демейді.

Апам 1953 жылы 89 жасында дүние салды. Бұл деген мойымайтын, тозбайтын болат адам еді.

(Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» кітабынан үзінді)

Advertisements
Бұл жазбаның орналастырылған санаттары: Категориясы жоқ және кілтсөздері: . Бетбелгі жасау үшін тұрақты сілтеме.

4 Responses to Бөпке әжем

  1. urimtal айтады:

    Иә, кеспе көжені пісіруін керемет суреттеген! 🙂

    • maqpal айтады:

      «көңілдегі ой сыртқа шыққанда көркі қашады» деуші еді, бірақ оның бұл шығармаға қатысы жоқ, ынта-шынтасымен жазғаны білініп тұр жазушының

  2. urimtal айтады:

    Иә, автобиографиялық шығарма болған соң, жазущының шынайы жазбасқа амалы жоқ! Жүрекпен жазылған!

  3. Жандос айтады:

    Бөпке әже жатқан жері жайлы болсын

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Google photo

You are commenting using your Google account. Log Out /  Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

Connecting to %s