Шуақты мекен

«Адамдардың мекені аңыз-ертегі» деп жатады. Адам өзі іздеген тыныштықты тек сол ертегілерден ғана таба алады. Мына өмір, бәлкім, Мәңгілік мекенге сапардағы жай ғана уақытша аялдама шығар, мұнда тек армандауға ғана жол бар шығар. Бірақ арман әрқашан да алға жетелейтін күш береді. Ертегісүйгіш бір жазушының: «у тебя, как и у меня внутри имеется тихое убежище, куда ты можешь уйти в любой час  и чувствовать себя дома. Немногие лишь имеют это прибежище, а могли бы иметь все…» дегені, оның не үшін аңыздарға құмартқанының себебін білдіртіп тұрғандай.

Неге екені белгісіз, адамзат неғұрлым «өркениетшіл» боп барған сайын сол ертегілер сыйлайтын тыныштықтан алыстап бара жатқан секілді. Тынымсыз, ағысы қатты өмірден жалыққан кезде мен сондай тыныштықты ертегі кітаптардан, қазақ жазушыларының шығармаларынан табам. Олар шыныменен де, адам жанына шуақ, мейірім сыйлайды. Сондай шығармалардың бірі Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасы. Осы бір шығарманы қанша оқысам да жалықпаймын. Кей кезде қарап отыру үшін ондағы кейбір қызықты жайттарды жарияламақшы болып көшіріп отырмын.

«Менің бабам Имаш 1911 жылы 92 жасында дүние салған. Орта бойлы, орақ мұрын, от жанарлы сол шымыр шалдың төртінші перзенті – менің әкем Момыналы екен. Оны жұрт Момыш деп кеткен. Әжемнің аты Қызтумас еді. Қартайғанда сары кемпір атанған. Жарықтық, аса ажарлы, ақ дидарлы кііс екен. Ондай ару ол кезде ел арасында некен саяқ. «Ұл біткеннің бәрі қазанның түп күйесіндей әкесіне тартып қара болды, қыз жағы өзіме тартып, аққұбаша ажарлы шықты» деп отыратын еді, жарықтық. Әжем өзінің ұлдарына өңшең аққұбаша аруларды айттыруға ынтық болған. Соның кесірінен менің әкем Момыш 33 жасына дейін салт басты, сабау қамшылы жүріпті. Әжем оған: «Әй, қара құл, мен құдайдан саған ай көрікті ақ перизат жолықтырғай деп тілеймін. Тым болмаса, немерелерімді жиіркенбей сүйейін» дейді екен.

Бірде көрші ауылда үлкен той өтіпті. Той ойық сауықсыз болған ба? Үлкен киіз үйдің ішінде жігіттер мен қыздар айтысып жатса керек. Той дегенде қу бас та домалайды. Кемпір сампырлармен ілесіп менің әжем де келген екен. Кәрі құлағы елең етіп, киіз үйден шыққан айтыс әнін естіп қалады.

Біздің ауыл Мыңбұлақ басын ала,

Басындағы ормала жасыл ала.

Көңілің бізде болса, а құдаша,

Біразырақ отыршы қасына ала.

Қыздың даусы жайдары естілсе де, жалтара жауап қатып отыр екен. Кәдімгі бас қосқан жердегі бастама өлеңнен ұзай қоймапты. Дегенмен сөз арасында «жақсы жігіт» дегенді жиілете берсе керек. Қызтумас әжем оны да сезіпті. Бірақ жігіт жағы алғашқы екпінінен танбай ынтық көңілін ұсына беріпті:

Мыңбұлақтың сулары сылдырлайды,

Сұлу қыздың бұрымы бұлдырайды.

Құдаша деп сыртыңнан құмартушы ем,

Ескергейсің ендігі біздің жайды.

«Құдашасына сонша өзеуреп отырған кім екен» деп әжем есіктен сығалап қараса, өлеңдетіп бір бойжеткен қара қызға бұрылып тұрған өз Момышы екен. Әжем сонда ұлына айқай салып: «Өзің қазанның түп күйесіндейсің, күйеге күйе жұқса, не болмақ, құдайым ау!» деп баоасын үйден қуып шығыпты. Анасының айтқанын ішінен ұнатпаса да, әкем оның ырқына көнеді екен….

***

Кавказды аралаған кезімде үш күн қатарынан ашық аспан астында түнегенім бар. Сонда ұзақ уақыт ұйқым келмей елес қуып, өмір өткелдерінің теңізіне жүзіп кеткен кездеріп көп болды.

…Онда мен бесте ме, әлде алты жаста шығармын. Әжеммен бірге жатушы ем. Әже құшағы қандай ыстық, қандай мейірбан десеңші. Көзім ұйқыға кеткенше әжем айналып, толғанып арқамнан қағып жатқаны. Еркелеп жатып, қалғып кеткеніңді өзің де аңғармай қаласың. Бір күні түн жарымында оянып кеттім. Орнымнан сездірмей тұрдым да, әжемнің төсегінен алыстай бердім. Ондағы ойым қораның екінші бетіндегі әкем жатқан үйге бару еді. Екі үйдің ортасында иін тіресіп, мойындарын көкке созған күйі маңғаз түйелер жатыр екен. Жүндері үлпілдеп түнгі самалға желпілдегендей сезілді. Түйелердің арасымен жүріп келе жатып, мен мамық жүнді ақ ботаның қасына еріксіз тоқтадым. Осы жерде отырып, жұлдызды аспанға телміріп ұзақ қарағаным есімде. Ай мені еркелете күлгендей сезілді. Ал қаз тізілген түйелердің өркеші тау жоталарындай көлбеңдеп көрінгендей еді. Түннің тымықтығы сонша, мен боталардың баяу демін айқын естіп тұрдым. Мен әкеме келе жатқанымды ұмытып, осы жерде таңырқап тұра беріппін…Ертеңіне үйдегілер мені екі ботаның ортасында ұйықтап жатқан жерімнен тауып алды. Әкем мейірлене күліп алды, ал әжем қатты ашуланды. Содан бастап, әжем үйдің есігін бекітіп алатын болды…

Момынқұл көкем атам мен әжемнің ең кенже баласы. Ұзын бойлы, сұлу, сымбатты, дөңгелек қара көзді, кертпе мұрындау, астыңғы ерні дүрдіктеу, аққұба жігіт болатын.

Әжеме өз ұлының осы дүрдек ерні мен керпіш мұрны ұнамаушы еді. Жайшылықтың өзінде жаратпай, қымсынып отырғаны. «Тәңірдің мұнысына амал бар ма. Бір биеден ала да, құла да туа береді деген осы да. Әйтпесе, өзіме тартайын деп ақ тұр екен ғой» дейтңн ол. Есесіне көкем әжемнің ең еркесі, ең сүйіктісі болатын. Кенженің аты кенже ғой. Әжем оны көптеген қыңыр қылықтарын, бұрыс мінездерін кешіре беретін. Кейде сондай шалдуырлығына күйіп кетіп жазаламақ болғанда, көкем іргедегі үйге зып беріп кетіп қалушы еді. Қайтіп келгенше әжемнің ашуынпн жұрнақ та қалмайтын. Әйтеуір, көкеме келгенде әжемнің ұмытшақтығы да ұлғаяды. Қайта айналып соққанда көкемді еркелетіп отырғаны…Көкемнің көкпар десе арқасы қозып тұратын және сол көкпардан бір жерін жараламай қайтқан кезі жоқ шығар. Бір рет бұғанасы шығып келді, енді бірде аяғы сынып қайтты, ал есінен танып, ел жігіттері көтеріп келгенде зәре құтымыз қалмаған кез де болған. Бірақ басын көтерісімен сол баяғы ала сапыран тірлігіне сүңгіп жүре беруші еді. Толғақ азабын тез ұмытқан әйел сияқты, көкем көрген тауқыметін елеу дегенді білмейтін. Сақтанып жүру санасына да кірген емес. Жаны ауырып, жамбасы төсекке тигенде кейде тістеніп жатып, қатты ыңырситын. Сонда бәйек болған әжем шыжгөбектеніп көзіне жас алатын: «Сен тентек, мені ажалымнан бұрын өлтіретін болдың ғой. Әр жарақатың мені жегідей жеп белім бүкірейіп бара жатқанын, аясаң етті тым болмағанда! Қайтейін, шырағым, аман бол, әйтеуір». Сосын соң лезде ренішін ұмытып, әжем баяғы қамқор пейіліне көшуші еді. «Қай жерің ауырады, құлыным? Сусын берейін бе? Жастығың жайсыз емес пе?» (жалғасы бар)

Advertisements
Бұл жазбаның орналастырылған санаттары: Категориясы жоқ және кілтсөздері: . Бетбелгі жасау үшін тұрақты сілтеме.

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Google photo

You are commenting using your Google account. Log Out /  Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

Connecting to %s