Әлихан Бөкейханның шығармашылығынан

Кеше қағаздарды ақтарып отырып, осы бір газет қиындысын тауып алдым. «Түркістан» газетінде жарияланған екен:

«Жылап кісі сүйкімді болмақ емес. Адам болатын болсаң, өз беліңді ықшамдап өзің байла…»

«Жалпақ жұрттың көкірегінде жақсылық болмаса, жұрт жұрт боп тіршілік қылып жүрмек емес. Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса, қазақ халқы соның соңынан ерер еді…»

«Аз адам атқа міндім деп, қасқыр болып жұртқа шапса, бұл жұртта береке болар ма?»

«Қазақ болып бас қоссақ, біз кемшілікте отырған жетім жұрт, үкіметпен екі араны сөз қылмай қоймаймыз. Мұны осы күнгі газет тілінде политика дейді. Политика үкіметке таздың бөркін алғанмен бір есеп»

«Құдайдан соңғы күшті нәрсе – рәсім»

«Қазақ-ау, оян! Мұжық көші жүріп кеткенде жұртта қалып жүрме! Мұжық көрші отырып, бостандық, құрдастық, туысқандық шарапатын пайдаланғанда, ілгері басқанда, мүйізге ұрған сиырдай шыр айналып, кейін қайтып, көрші жұртқа балаңды малшы, жалшы, құл қылып беріп, жұрағаттың обалына, Алаштың баласы, қалып жүрме!»

«Көкіректе сайрап тұр, қолымды заман байлап тұр»

«Жұрт ісін түс көрмей, ояу жүріп іздену мақсат»

«Тірі болсам,…қазаққа қызмет қылмай қоймаймын»

«Жұрт жұмысы үлкен Ертіс, Сыр, Еділдей өзен болса, жақсы шаруа, жақсы медресе, жақсы би, халыққа пайда ойлайтын ақсақал, болыс, ауылнай, газет, журнал, кітап шығару, басқосу осы өзен басындағы тарауы ғой. Бүл тараудың әрқайсысын бір бөлек алса, әрқайсысына өз орнында өз әлінше пайдалы ғой. Осы тараудың бәрінен су тоқталмай саулап тұрса, үлкен өзен сонда дүрілдейді ғой»

«Өз тізгініңді өзің алып жүре алмай, шатақ-даудан шықпайтын бір ескі ауруың бар қазағым!…Қылығыңды көріп, іш күйеді!»

«Саясат ісі мәдениет соқпағына анық түскен жұрттың саяси партиясы аз болады»

«Оқу-білім болса, мақсат бәрі табылады дегендей көрінеді. Бұлай болса, бұл адасқандық болады. Білімнен мақсат шықпайды. Ғазәзіл ұжмақтан надандықпен шыққан жоқ. Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінезден. Адам баласын өзіңдей жақсы көр, сүй деген мінез айтылғалы екі мың жыл болған, онан бері білім отарба, телеграм, телефон, аэроплан шығарды, жақсы мінезге тоқтаған адам аз…Көп оқыса, зейінді болса, білімді болмақ, мінезі жақсы бола ма, жаман бола ма, мұны құдай біледі. Неше түрлі залалды қазақ мінезі бұзық орысша, мұсылманша хат білгендерден көрініп тұр. Бұлар өзге қазақтан білімді, білімнен жақсы мінез шықса, бұл қалай?»

«Енді араздық, өштік, дау-жанжал, талас, партиялық сыйыспауларды тастау керек. Көксерлік жұмыстарың – бірлік, адалдық болсын!»

«Жұртта бостандық, теңдік, туысқандық болған соң, жұрт бостандықты бұлданып, өз тізгінін өзі алып, қағушы, соғушы, күзетуші өлді деп, күшеюі керек еді. Жұрт теңдікті бұлданып, ер-әйел, бай-кедей, мырза-бұқара, төре-қара, ақсақал-жас деп бөлмей, бәрін тең ұстау керек еді. Жұрт туысқандықты бұлданып, бір туған ағайын, құда-тамыр деп, қарындас, көрші демей, барша адам баласымен ағайындық, туысқандық жолына тарту керек еді. Бұл үш ұраннан бөлек, адам баласының бақыт, махаббатына жол жоқ. Бұл жолдан шыға жайылған хайуандыққа қайтқан болады»

«Қазақтар» анықтамалығының 4-ші томынан дайындаған Ахмет Әшім

(сурет Азаттық радиосынан алынды)

Бұл жазбаның орналастырылған санаттары: Категориясы жоқ және кілтсөздері: . Бетбелгі жасау үшін тұрақты сілтеме.

1 Responses to Әлихан Бөкейханның шығармашылығынан

  1. Бұл кісі аңсаған ел деңгейіне әлі жете алмай келеміз.

Leave a reply to Қазақ Интернеті Жауап беруден бас тарту