«Мен Абайдың айтқанына тек кішкене компьютердің сөздерін қосып қойдым»

Жұма күні болған Асқар Жұмаділдаевпен кездесуге бара алмадым. Есесіне Мейіргүл дауыстарды жазып алу жағынан көмектесті. Сол үшін Мейіргүлге көп рахмет!

Қазақ журналистерінің клубы өткізген бұл жиын жайлы мына жерден тыңдауға болады. Жиында әртүрлі тақырыптар қозғалды.

Жиынның модераторы Жанболат Мамай ең әуелі ғалымға жақында ғана шетелдегі ғалымдарды елге қайтару жайында бастама көтерген Білім және ғылым министрінің бастамасына қатысты пікірін сұрады.

Министрдің бастамасын оң бағалаған клуб қонағының пікірінше, дегенмен де мәселенің екі жағы бар. Біріншіден, барлық әлеуметтік мәселесі шешілген, тұрақты жұмысы бар, шетелде орнығып қалған ғалымдар «шақырғанмен келе ме?».

«Егер шын мәнінде мықты университетте істейтін адам болса, олардың келуі екіталай. Америкада университеттердің түр-түрі бар. Ең мықтысы Айвилик дейді. Мұның қазақша баламасы «интеллектуалдық элита» деген сөз. Олар: Гарвард, ИЕЛ, Бостон, Пенсильвания университеті. Көп болса, 15-20 шақты болар. Мұндай университетте істейтін адам келе қалса, мен үлкен таңданыста болар едім. Өйткені, ойлап қараңыз. Оның лабораториясы бар. Тақырыбы бар. Оның шәкірті бар. Оның жалақысы бар. Оның үйі бар. Оның ештемеге басы ауырмайды. Ол не үшін келуі керек?!», деді Асқар Жұмаділдаев.

«ЖЫЛҚЫ БАҒУ ҮШІН ҒАРЫШҚА ҰШЫП КЕЛУ КЕРЕК ПЕ?»

Екіншіден, Қазақстан бұл ғалымдарды шын мәнінде керексіп отыр ма деп ғалым өз сөзін былай жалғады.

«Мәселен, космонавтиканы алайық. Қазаққа космонавтика керек пе, керек емес пе? Бір қарасаң, керек сияқты, ә? Қазаққа космонавтиканы дамытпағанда нені дамытуы керек. Бүкіл әлемде жоқ космодром Қазақстанда тұр. Ең бірінші космонавт Қазақстаннан ұшқан. Ал бірақ осы космодромға қазақтың қатысы қанша? Біз білетін қазақтың тірлігі – келген-кеткенге шапан жабу, қарсы алу-шығарып салу. Телевизор қараңызшы. Бір шапан жауып, бір алма береді. Басқасын көргем жоқ.

Жалпы Қазақстанда қанша космонавт бар өзі? Екеу. Бұл екі космонавт не істеп жүр өзі? Біреу космонавтикада істейді. Біреуі далада жылқы бағып жүр. Не ол? Сонда жылқы бағу үшін сонда космосқа ұшып келу керек пе?… Маған біреулер айтады. «Ой, ағаның мінезі жаман. Оны оппозиционер» дейді. Кешіріңіз, оппозиционер де қазақтың азаматы. Ну и что? Неге ағамызға лайық сый-құрмет болмайды. Бұл кісі дүниеде бірінші рет жүріп бара жатқан кемеге ұшақ қондырған. Көбісі оған батыр атағы космосқа ұшқаннан кейін берілді ғой деп ойлайды. Шындығында ол олай емес. Оған батыр атағы керегі де жоқ. Шын батыр адам бұл кісі. Сонда мен ойлаймын. Айналдырған екі космонавтқа жұмыс таба алмаймыз. Ал ертеңгі күні аналар (ғалымдар) келгенде не болады сонда? Егер келе қалса, соған беретін жағдайыңыз бар ма? Жұмыс істейтін мүмкіншілігіңіз бар ма? Ғалым адам ол батырдан кем емес. Егер ертеңгі күні бір шенеунік келіп, шікірейіп «Әй, отчет бер» деп тұрса, ол құйрығынан бір теуіп қуып шығуы мүмкін. Сонда мұның да мінезі шатақ екен деп далаға жібере ме?» деді ол.

«ҮШ ПАРАМЕТРІН АЙТЫҢЫЗ, УНИВЕРСИТЕТТІҢ ҚАНДАЙ ЕКЕНІН АЙТЫП БЕРЕ АЛАМ»

Назарбаев университетіне қатысты өз пікірін жеткізген ол елде казино, барахолкалар емес, университет көбейсе қуанатынын айтты. Бірақ кез келген университеттің салмағы үш параметр арқылы анықталатынын ескерте кетті.

«Біріншіден, онда қандай ғалым сабақ береді және оның қандай ғылыми жұмысы бар. Екінші, оның қандай кітапханасы бар. Үшінші, оның студенті қандай ғылыми олимпиадаларда қандай ғылыми жетістікке жетті. Маған осы үш параметрді айтсаңыз, университеттің қандай екенін айтып бере алам. Ал бұл университет жайында менде ешқандай мәлімет жоқ.

Жалпы тарихқа үңілетін болсаңыз, Оксфордтың құрылғанына 800 жыл болды. Кембридждің құрылғанына 800 жыл болды. Ал бұл университеттің құрылмай жатып, өзін Оксфордқа теңеуі менде түсініксіздік сезімін тудыртады. Менімше, шын Оксфорд боды ма, болмады ма, ол кемінде 30 жылдан кейін белгілі болады деп есептеймін» деді ғалым.

ТҰЛПАР МЕН ЕСЕК ҒЫЛЫМДАР турасында

Ғалым тарих сияқты елде көп ұмтылатын ғылымдар санатын тұлпар ғылымға теңейді.

«Адамға ең көп пайда түсірген, ең көп жақсылық әкелген бірақ, өмір бойы сөгіс естіген бір жануар бар. Ол – есек. Тұлпар туралы ақындар өлең жазады. Поэма жазады. Жырлайды. Бірақ есек туралы жазылған бір поэманы естідіңіз бе? Иса пайғамбар Иерусалимге есекпен кірген. Қарасаңыз, есек сіздің көміріңізді тасиды, суыңызды тасиды. Бәрін істеп болғаннан кейін оған жем де бермей қуып жібере аласыз. Осындай есек ғылымдардың бірі – математика. Математиканы жұрттың бәрі қолданады. Бірақ оған ешқашан ырза емес. Дүниеде жұрттың ең жек көретін ғылымы бар. Ол – математика. Балалардың ең қорқатын ғылымы – математика. Жұрттың бәрі неге экономика, заңгерлікке барады, себебі математика жоқ шығар деп барады. Студенттердің көбісі оны құрал ретінде пайдаланады. Мысалы, олимпиада жеңімпазы болса, ол экономфакқа түсу үшін жеңімпаз болып отыр. Ол математикадан мықты болды ма. Ол америкаға кету үшін мықты болып отыр. 20 жыл бойы біздің балалар 10-шы орыннан кем түскен емес. 20 жыл бойы қанша балалар Болашақпен кетіп бітіріп жатыр. Бірақ 20 жыл бойы біздің математика институтына бір адам келген жоқ. Неге? Өйткені, ол есек ғылым…Кеше ғана Келімбетов па, айтып отыр. Бізде үлкен стратегиялық жобаларды басқаратын адам жоқ дейді. Бүкіл Қазақстанды шарлап отырып, 20 адамды зорға тапқан. Бұл нені көрсетіп отыр? Жалпы біздің идеологияның, насихаттың теріс, қисық жаққа кеткенін көрсетіп тұр» деді ол. (жалғасы бар)

Advertisements
Бұл жазбаның орналастырылған санаттары: Категориясы жоқ және кілтсөздері: . Бетбелгі жасау үшін тұрақты сілтеме.

6 Responses to «Мен Абайдың айтқанына тек кішкене компьютердің сөздерін қосып қойдым»

  1. vkototy айтады:

    Өте құнды пікірлер деп ойлаймын.

    *Рахмет,Макош!

  2. Қосақ айтады:

    Өте жақсы айтқан екен. Ғалымдар ішінен Асқар өз пікірін өткір айтатын адам.

  3. maqpal айтады:

    Мұның бұйыртса, жалғасы бар.

  4. Мейіргүл айтады:

    Тағы да оқасы жоқ :))) Иә, Асқар аға өзгеше ойлайтындардың бірі ғой.

  5. altygradus айтады:

    Тоқтар аға қайда екен қазір шынымен. біздегі сондай нәрсе жаман бәрін бәр шаблонға салу, басқадай бір пікір айтты ма, болд халық жауы ғып жібереді.
    Ал Асқар ағаның сөздері шынмен рас

  6. осындай азаматтарымызға ұзақ ғұмыр берсе екен, көлік апатынан аман жүрсін лайым…

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Google photo

You are commenting using your Google account. Log Out /  Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

Connecting to %s