Аюп пайғамбар қиссасы

Аюп пайғамбар өте сабырлы болған екен. Ұлық Алла періштелерге:

–         Аюп менің ең сабырлы құлым, – деп мақтанады екен.

Бұл мақтау шайтанға жақпайтын. Ол Аюптың сабырын түгеспек болды. Оны жоқтықпен, байлықпен, мансаппен азғырды. Шайтанның бұл айласы Аюпқа әсер етпеді. Тіпті әйелін арбап, отбасы мен достарының арасына да от салды. Аюп сонда да сыр бермеді. Шайтан күніне мың түрлі бәле шақырса да, Аюп тағат жасап, отыра берді. Шайтан оған:

–         Аюп балаң өлді! – деді.

–         Құдай өзі берді, өзі алды. Ешкім мәңгі тірі жүрмейді. Өзекті жанға бір өлім, – деді.

–         Малыңды жұт алды.

–         Мал бір жұттық, батыр бір оқтық деген. Ұлық Алла бергенін алса да, енді берерін алмасын.

–         Енді не ішіп-жейсің?

–         Аштан өлгеннің моласы жоқ. Малға таласып өлгеннің моласы көп.

–         Ел-жұрт сен туралы өсек айтып жатыр.

–         Жақсыға сөз ереді.

–         Патша сені өлтіремін деді. Қаш.

–         Ажал ақымақ үшін алтау, ақылды үшін біреу.

–         Бүйте берсең, жалғыз қаласың.

–         Қабірде барлық адам жалғыз жатады, – деді.

Төзімі таусылған шайтан оның бетінен шапалақпен тартып жіберді. Оның қолы тиген жерге жара шықты. Оған шыбын үймелеп, құрттар қаптады. Жара жайылып, пайғамбардың бүкіл денесін ірің басты. Ел-жұрты, бала-шағасы «Аюп алапес болды» деп шошыды. Шайтан оларға:

–         Алапес – жұқпалы ауру. Оны жыраққа шығарып тастаңдар, – деп ақыл айты. Шаһар жұрты бірауыздан келісіп, оны елден қуды. Жан жары Рахима ғана оған адал болып, қасында қалды. Ауруы онан сайын меңдеп, құрттар Аюптың етін жеп тауысуға айналды. Бірақ оның жүрегі мен тілі бір сәт тоқтамастан Аллаға мақтау айтып, Жаратушыны ұлықтап жата берді. Денесінен түскен құрт болса, оны жерден алып:

–         Алла саған менің етімді ризық етіпті. Несібеңнен айрылма, – деп құртты жарасына қайта салады екен. Аюптың сабырлығын көріп, шайтандар түңілді. Олар Ібіліске келіп:

–         Біз Аюпты жеңе алмадық. Сыры неде? – деп сұрады. Ібіліс: – Оның тілі мен жүрегі Алланы еске алып, рухы нұрланып тұр. Бір құртты тіліне, бір құртты жүрегіне сал. Алланың есімінен қуат алу тоқтағанда сабыры сынады, – деп ақыл берді.

Шайтандар солай істеді. Бір құртты тіліне, бір құртты жүрегіне салды. Сол кезде Аюп Аллаға арыз айтты:

–         Иә, Ұлық Алла! Саған зікір айтып, есімдеріңнен қуат алатын едім. Мына екі құрт түбіме жетеді. Иә, Алла, пәрмен өзіңнен болсын, – деді.

Сонда Алла: – Әй, Аюп, сынақ сағаты бітті. Өкшеңмен жерді теп, – деді.

Аюп тепті. Жер жарылып су шықты. Су сарқырап, арыққа айналды. Алла: – Суға шомыл, – деп әмір берді. Аюп солай жасады. Жарасы жазылды. Құрттар қырылып қалды. Тек екі құрт тірі қалды. Аюп:

–         Иә, Алла, мына екеуі өлмеді ғой, – деді. Алла:

–         Бұлар тіл мен жүрекке түскен құрттар ғой. Оларға менің көрсеткен есімдерімнің шарапаты жұқты. Олардың мәртебесі бір бөлек. Зікірдің шарапатынан оларды саған жәрдемші етемін. Бірі бал арасына айналады. Екіншісі сүлік болып суда қалсын. Бал арасының уы да, балы да шипа. Сүлік арам қанын сорады, – деді.

Сол мезетте құрттардың бірі сүлікке, бірі бал арасына айналады. «Сабық түбі –  сары алтын» деген сөз осыдан қалыпты деседі.

(«Әлдиден эпосқа дейін» кітабынан алынды)

Advertisements
Бұл жазбаның орналастырылған санаттары: Категориясы жоқ. Бетбелгі жасау үшін тұрақты сілтеме.

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Google photo

You are commenting using your Google account. Log Out /  Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

Connecting to %s