Алматылықтардың минибаркэмпі

«Темірді қызғанда соқ» демекші, негізі бұл жазбаны кеше кешкісін жариялап тастайыншы дегем. Кеңсеміздің есігін тақылдатып-тақылдатып, аша алмадым. 😦

Сонымен кеше кешкісін шамамен онға жуық блогшы жиналып, алда жоспарлап отырған блогкэмпті талқыладық. Мен байқау жағына жауапты болғандықтан соған қатысты айтайын.

Наурызда жоспарлап отырған блогшылар құрылтай аясында арнайы байқау ұйымдастырмақшымыз. «Ең, ең, ең….блог» деген блогшылардың байқауы. Негізінде алдында мен ойлағам, 3 номинация жететін шығар деп. Сөйтсем, барлығы да аз деп жатыр. Сондықтан бұл көрсеткішті 10-ға дейін жеткізетін болып шештік.

Байқаудың негізгі шарты жарысқа қатысқысы келетін әрбір блог өзін-өзі байқауға ұсынуы керек. (Мұнан кейінгі шарттарды алдағы уақытта жаза жатармыз). Сөйтіп, арнайы тізім жасалады. Блогкэмп аясында қатысушылар арнайы сауалнамадағы сұрақтарға жауап беріп, осылайша жеңімпаз анықталмақ. Номинациялар бойынша демеуші табуға тырысамыз. Егер демеуші табылса, сауалнама қорытындысын ескере отырып, соңғы шешімді сол демеуші шығаратын болады. Жүлде қорын әр демеуші өзі тағайындайды.

«ЕҢ, ЕҢ, ЕҢ….»

10 номинация бойынша сендердің ойларың қажет. Номинацияның атауын анықтаған кезде меніңше, бұл жерде қазақ блогосферасы ылғи да ұрынып отыратын кемшіліктерді жоюға бағытталса. Мынадай идеялар бар: ең көп жаңартылатын блог, ең белсенді комментші, ең көп талқыланатын блог (комменттер санына қарап анықталады), ең пайдалы тақырыптық блог, ең қызықты блог, ең ерекше блог, ең әдемі блог, ең танымдық блог, технология тақырыбына арналған үздік блог  т.б  Бұған қатысты идеяларың  болса, осы жазбаның астына қалдырып кетсеңдер болады.

БАЙҚАУДАН ТЫС «БАЙҚАУ»

Кеше байқаудан тыс «байқау» ұйымдастыру жайлы да айтылып қалды. Мұны ұйымдастырушылар жағы өздері бекітіп, қазақ блогосферасының дамуына үлкен үлес қосып жүрген немесе онда ерекше танылып жүрген блогшыларға бермек. Бұл бойынша үш номинация қарастырып жатырмыз: ең жас блогшы, ең үздік тақырыптық блог, ең маңызды блог

Байқау туралы толық мәлімет алдағы уақытта бұйыртса, дабай-ға ілінеді. Айтпақшы, блогкэмпке қатысқысы келетін әрбір адам міндетті түрде арнайы анкетаны толтыруы қажет. Бұл ұйымдастырушылардың жұмысын жеңілдетеді. Тіркелу өте оңай. Манағы дабай. кз сайтын ашып қалсаңыз, сайттың оң жағында кеше ғана «тұсауы кесілген» логоның астында «қатысушы анкетасы» деген жазу бар. Соны басып қалсаңыз, ондағы бірнеше сұраққа жауап берсеңіз болғаны.

Бұл жазбаның орналастырылған санаттары: Категориясы жоқ және кілтсөздері: , , , . Бетбелгі жасау үшін тұрақты сілтеме.

12 Responses to Алматылықтардың минибаркэмпі

  1. vkototy айтады:

    Өңірлерде ақпарат тарату жөнінде де сенімен хабарласу керек деп жатыр,Мәке?

  2. maqpal айтады:

    Иә, Тәке, айта бер. Не проблема? :))))

    • vkototy айтады:

      Проблема болғанда не ғой, Семей қаласындағы ақпарат құралдарына тарату үшін, оргкомитет тарапынан, яғни пресс-релиз сияқты ма,сондай ақпарат хабарды сендерден аламыз ба деп айтқым келген.

  3. Ақзере айтады:

    Қосымша ұсынысым:
    Ең әзіл блог
    Қысқа-нұсқа блог (аз жазса да түсінікті)
    Үздік шет ел блогы (шет елдегі қандастарымызды да ұмытпау керек сияқты)

  4. maqpal айтады:

    ұсыныстарыңа рахмет, Ақзере! менімше, ең әзіл блог деген ең қызықты блог деген номинацияның ішіне кіріп кететін сияқты. бізде бұған қатысты таңдау да аз ғой. сол сияқты аз жазса да, саз жазатын блог дегенді ең ерекше блогқа кіргізуді жөн көріп отырмын. ал үшінші идея жақсы екен. мен ойлағам, тілге қатысты бір номинация тағайындау керек деп. мәселен, ең қатесіз блог немесе тілі көркем, құнарлы немесе ойы ұшқыр блогтар болады ғой. соларға арнап бір номинация деп

  5. kazprose айтады:

    Ең алыстан келген блогшының блогы 🙂

  6. Аршат айтады:

    Мақпал, осы сен қай жақтансың? Алматы жақта «мана», «манағы» деп айтпайды ғой, тек сенен байқаймын. Біздің жақтың қызысың ба?

  7. Қара Сақал айтады:

    Жақсы блог, әдемі, қызық блог,
    Қысқа блог, ең сара, бұзық блог…
    Түрлері көп блогтың айта берсең,
    Сөз жетпейді санасаң тізіп тұрып:)

Пікір қалдыру