Жан жылуы

Жаныңыздың «тоңған» кезі бола ма? Менде болып тұрады. Кей кезде дәл осындай шақта балалық шақтың мәңгі есіңде таңбаланып қалған алтын сәттерін есіңе аласың… Міне, солардың бірі…

…Жаз. Түн. Ауа сондай жанға жайлы, жұмсақ. Үйден шығып табалдырыққа отыра қаласың. Күні бойы күн астында қақталған табалдырық әлі суып та үлгермеген, жып жылы. Отырған бойда ақ, қоңыр салқын жел бойыңды жеңіл желпіп өтеді. Жел емес, жәй леп қана. Мұндай керемет шақта үйге қайтіп кіргің де келмей қалады. Сүйтіп, далада ұйықтамақшы боласың. Үй мен қойма арасында төбесі ашық шағын алаңқай бар. Сол жерге ұзын үстел қоясың. Кейде арба да бола береді. Үйден алып шыққан көрпелерді сол жерге саласың да күмп етіп көрпеге кіріп кетесің…Үйге қарағанда мұнда қызығырақ. Сырты аздап тоңазыған көрпеден басыңды шығарып алып, тура төбеңде тұрған жұлдызды аспанға қарайсың. Жыпырлаған жұлдыздар. Аралары сондай жақын. Біреуінің жарығы әлсіздеу, біреуі жарығырақ. Арасынан жыбырлағандарын іздейсің. Әні, біреуі кетіп бара жатыр. Әні, тағы біреу. Кейде екі жарық бір бірімен тоғысқандай болады, мүмкін соқтығысып қалар? Түйіскен сәтін күтесің… Жоқ, ақырында тоғыспаған болып шығады, ештеңе болмағандай өз бағыттарымен кетіп бара жатады. Кей кездері ыңылдап бірді екілі маса келіп, бетіңе қонбақшы болады. Мұндайда бетіңді көрпемен жауып аласың. Бірден тұншығып кетіп, асыға қайта ашасың) Осылайша жұлдыздарға қарап жатып, қалай көз ілгеніңді де білмей қаласың…

Жұлдызды аспан маған қатты әсер ететін. Оларға мойын созып қарай бергің келеді, қарай бергің келеді. Еш жалықпайтынсың…

Жаның «тоңған» кездері кей кезде осындай сәттерді есіңе алсаң, жаның жылып сала береді. Есте сақтау деген керемет қабілет сені тура сол шаққа апарып, бір қыдыртып қайтқызады.

Егер жаныңыз тоңса, кейде блогыма кіріп тұрыңыз. Пытырлап жанған пештің алдында жылынып, ыстық шәй сұрыптап отырып балалық шақтың таусылмас әңгімелерін айтамыз…

Bankoboev.Ru_ogon_v_pechi

Бұл жазбаның орналастырылған санаттары: Категориясы жоқ. Бетбелгі жасау үшін тұрақты сілтеме.

1 Responses to Жан жылуы

Пікір қалдыру