Қазақстанда түркі халықтарына арналған әлеуметтік желі пайда болды

TurkilerҚазақстанда түркі халықтарына арналған Turkiler.com атты тұңғыш әлеуметтік желі жұмыс істей бастады. Жоба авторларының айтуынша, желінің мақсаты – түркі халықтарын басын қосып, бір желіде пікір алмасуына мүмкіндік беру.

Пост-советтік елдер аумағында «түркішілдік» идеясының орыс тілінде дамып келе жатқанын алға тартқан мамандар әлемдегі түркі тілді халықтардың басын қосу үшін жобалар танымал тілдерде болғаны дұрыс деп санайды.

Желінің техникалық мүмкіндігін сынап көрген маман онда «қолданушыларды тартатындай жаңалығы жоқ» екенін айтады.

«ТҰҢҒЫШ АРНАЙЫ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ»

Жаңа әлеуметтік желіде қолданушылар тіркеліп, достар табады. Қауымдастық құрып, өзара пікір алмаса алады. Бұған қоса, сурет, видео т.б өзінде бар ақпараттармен бөлісуге мүмкіндік бар.

Жобаның пиар жетекшісі Бақыт Асенова Азаттық тілшісіне мұндай жобаның Қазақстанда алғаш рет ашылып отырғанын айтады.

–         Желінің артықшылықтарының бірі – түркілер туралы ақпараттық деректерді синхронизациялау мүмкіндігі. Айталық, Әзірбайжанда отырған қолданушы өзінде бар жаңалықпен бөліссе, ол жаңалықты сол желіде отырған қолданушылар көріп таныса алады, – дейді ол.

Әзірге, сынақ деңгейінде жұмыс істеп жатқан әлеуметтік желі орыс тілінде. Жоба авторлары алдағы уақытта өзге тілдердегі нұсқасын жасамақшы.

–         Жоба жеке азаматтардың қаражат күшімен жасалды. Жобаға қатысты өзге ақпараттардың барлығын сәуір айында болатын сайттың таныстырылымында айтамыз, – деді Асенова.

Азаттық тілшісі әңгімелескен мамандардың айтуынша, түркі халықтарының бірлігі идеясын мақсат тұтқан интернет-жоба Қазақстанда бұрын болмағанмен түркі халықтары арасында баяғыдан бар. Кейбіреулері тіпті Қазақстанның өзінде де танымал болған. Мысалы, Turan.info, Newturan т.б (Newturan жабылған, Turan.info техникалық себептермен бірнеше күннен кейін ашылады – ред. )

«БАСТЫ КЕДЕРГІ – ОРТАҚ АЛФАВИТТІҢ ЖОҚТЫҒЫ»

«Ақпараттық ынтымақ кеңістігіндегі түркі әлемінің орны»  жобасының авторы, журналист Асқар Омаров «түркі халықтарын біріктіретін кез-келген жобаға қуанышты» екенін жеткізеді. Алайда оның ойынша, қазір ең керегі түркілік ресурс емес, бұрынғы жобалар негізінде түркі тілдес блогшылардың басын қосып, синергетикалық байланыс орнату .

–         Жаңа жоба өте қарапайым. Әзірге, бір-ақ тілде. НьюТуран жобасы функциясы жағынан әлдеқайда шыңдалған (наворочена) болатын. Тіпті Туран виртуалды мемлекетінің азаматтары деп паспорт таратқаны есімде. Бұған қоса, атын ұмытып тұрмын, бизнес әріптестікке арналған желіні барлық түркі тілдес адамдар пайдаланған болатын. Қазіргі күні ең танымал ресурс бұл – Тұран Инфо. Оған көбірек интеллектуалды әрі академиялық сипат тән, – дейді ол.

Асқар Омаровтың айтуынша, қазіргі кезде түркі тілдес халықтар арасында ортақ алфавит болмағандықтан оларды интернет желісінің өзінде де біріктіру қиынырақ болып тұр. Сондықтан түркішілдік идеясын көздеген кез-келген жоба тек бір ғана тіл емес, парсы, қытай, ағылшын сияқты танымал тілдерде болғаны дұрыс деп санайды.

Осыдан шамамен 12 жыл бұрын түркі халықтарына арналған желі ашқан Әзірбайжан азаматы Азер Зиядлыдан жаңа желі туралы пікірін сұрағанымызда «Бауырлас халықтардың бірлігін насихаттайтын осындай ресурстар неғұрлым көбірек болса, соғұрлым жақсы. Түркі тілдес адамдар неғұрлым жиірек араласқан сайын жақындасып, бірте-бірте шынайы интеграция пайда бола бастайды» деген ой айтты.

Зиядлының айтуынша, қазіргі кезде өзі ашқан желіге күн сайын екі мың адам тұрақты түрде кіріп тұрады. Ол ТМД аумағындағы мыңдаған түркі тілдес азаматтарды бір желіде қауыштырып, біріктіре алғанын мақтанышпен жеткізеді.

–         Бірнеше жыл бұрын қырғыздар мен өзбектер арасында қақтығыс туындаған кезде бәріміз қатты толқыдық. Өзбек, қырғыз қолданушылары тақырыптар қозғап, бәріміз проблеманы бірігіп талқыладық. Бірігіп жолдарын іздестірдік, – дейді Зиядлы.

«ТЕХНИКАЛЫҚ МҮМКІНДІГІ ӘЛСІЗ»

Желіге тіркеліп, оның мүмкіндігін тексеріп көрген Surak-zhauap.kz сайтының жетекшісі Ербол Серікбай жаңа әлеуметтік желіде техникалық тұрғыда «қолданушыларды тартатындай жаңалығы жоқ» екенін айтады.

–         Мен өзім тіркеліп, желіден ешқандай ерекшелік байқай алмадым. Кәдімгі Вконтакте мен Facebook-та бар мүмкіндіктің ары кетсе бес пайызы ғана бар. Қауымдастық (ұлыс) құрып, жаңалықпен бөлісу ол жаңалық емес. Мұндай топты танымал әлеуметтік желілердің өз ішінен аша салуға болады, – дейді ол.

Ербол Серікбай желінің техникалық мүмкіндіктері шектеулі болғандықтан оның «танымал әлеуметтік желі болады» дегенге күмәнмен қарайды.

–         Сайт Joomla-да жасалған. Яғни, Joom-social деген арнайы әлеуметтік желіге арналған дайын CMS (Content management system) негізінде жасаған. Ал мұндай сайттар көп қолданушыларға бейімделмеген. Сайт нөлден бастап жазылмағаннан кейін мүмкіндігі де шектеулі болады. Алдағы уақытта мобильді қосымшасын жасағысы келсе де, өздігінен жасай алмайды. Алдағы уақытта жетілдіретін шығар. Бірақ қазіргі көргенім осы, – дейді ол.

Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, бүкіл әлемде түркі тілдес халықтардың саны 250 миллионнан асып жығылады. Оған қырық шақты ұлт пен ұлыс кіреді. Түркі тілдес халықтар қатарына: Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Түркия, Өзбекстан және Ресей Федерациясының құрамындағы татар, авар, шеркес, башқұрт, якут т.б халықтар кіреді.

Бұл жазбаның орналастырылған санаттары: Категориясы жоқ. Бетбелгі жасау үшін тұрақты сілтеме.

Пікір қалдыру